Қазақстан Халық партиясы шыңға шықты
13 желтоқсанында Қазақстан Халық партиясы Алматы қалалық филиалы мен «Киров» әскери–патриоттық клубының өкілдері ерекше форматтағы үгіт–насихат жүргізді.
Белсенділер тобы Фурманов шыңына (биіктігі шамамен 3000 метр) көтеріліп, шың басына ҚХП символикасы бейнеленген үгіт-насихат баннерін орналастырды. Іс-шара Қазақстан Халық партиясының сайлауалды науқаны аясында ұйымдастырылды.
ҚХП Алматы қалалық филиалының басшысы Әлібек Шапенов атап өткендей, үгіт-насихаттың мұндай форматы бекер таңдалмады.
– Сырттан қарағанда, мұндай әрекет ерекше көрінуі мүмкін. Бірақ біз үшін тау шыңдарын бағындыру дәстүрге айналған дүние. Біздің партия да шыңдар мен биіктерді бағындырып келеді. Біз мұны одан әрі жалғастыруға ниеттіміз, – деді ол.
ҚХП мен «Киров» клубы мұндай бірлескен шараны бұған дейін де бірнеше рет ұйымдастырған болатын. Бұған дейін олар «Турист» шыңын (3954 метр) бағындырған еді. Ол кездегі шара партияның 16 жылдығына арналған болатын. Осы жылдың тамыз айында бір топ партия белсенділері Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының 100 жылдығына орай «Пионер» шыңына (4031 метр) көтерілді. Бұл жолы Фурманов шыңын бағындыру қолға алынды.