ШҚО-да өндірістегі 19 жазатайым оқиға тіркелген
Биылғы үш айда ШҚО-да өндірістегі 19 жазатайым оқиға тіркеліп, 24 адам зардап шекті.
Салыстырмалы түрде алып қарасақ, 2023 жылдың бірінші тоқсанында мұндай 23 оқиға тіркеліп, дәл биылғыдай 24 адам түрлі жарақат алған болатын. Өкінішке қарай, биылғы оқыс оқиғаларда төрт адам (былтыр бір адам) көз жұмған. Тағы 13 адам ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров хабарлағандай, өңірде өндірістік жарақаттану былтырғы деңгейде қалған. Жалпы, жазатайым оқиғалардың басым көпшілігі Өскемен қаласында тіркеліп, 10 адам (бір – өлім, төрт – ауыр, бес – жеңіл жарақат) зардап шеккен. Сол сияқты, Ұлан ауданында – бес (екі адам қайтыс болған), Алтай ауданында – үш (бір өлім), Глубокоеда үш, Риддерде екі, Шемонаихада бір адам түрлі жарақат алған.