Жұмыс беруші мен қызметкер: өндірістік жарақатқа кім кінәлі?
Фото: Шығыс ақпарат
28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Осыған орай Аймақтық коммуникациялар қызметінде ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов өндірістегі жарақат алу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қатысты тұжырымдамаларды жеткізді.
Жыл басынан бері 11 кәсіпорынның жұмыс орындарында еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жүзеге асырылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Халықаралық еңбек ұйымы 28 сәуірді Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні деп жариялаған. Бұл күнді күнтізбеде ерекше белгілеп, атап өту әлем назарын мәселенің ауқымына аудартуға бағытталған. Одан бөлек, жыл сайынғы жазатайым оқиғалардың азаюына еңбекті қорғау мәдениетін құру мен ілгерілетудің ықпалын көрсетуді мүдде тұтқан.
Өңірде 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары қолға алынды. Бұл өндірістік жарақатты төмендету, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау туралы заңнаманың орындалуына мемлекеттік және ішкі бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында әзірленген.
Облыс прокуратурасының бастамасы бойынша «Тау-кен металлургия саласындағы өндірістегі қауіпсіздік (жарақаттану)» жобасын іске асыруға арналған кеңес отырысы өткізіліп, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің күш-жігерін бір арнада ұйыстыру арқылы мәселелерді шешу турасында келісімге келді.
Жалпы, жыл басынан бері 11 кәсіпорында еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жүзеге асырылып, зиянды еңбек жағдайындағы 21 өндірістік нысан мен жұмыс орны қамтылды.
Сонымен қатар 25 кәсіпорын «Visionzero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылып, 14 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы, 10 кәсіпорында қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету үшін тапсырыс берушіден мердігерге дейінгі бақылаудың сатылы моделі енгізілді.
Биыл өндірісте 23 жазатайым оқиға тіркеліп, 24 адам зардап шекті. Оның ішінде бір оқиға адам өліміне әкеліп, 13 оқиғада қызметкерлер ауыр жарақат алған.
Өндірісте жарақат алудың жалпы деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға төмендегені байқалады.
Жазатайым жағдайлардың 39%-ы зардап шегушінің әрекетінің салдарынан, 30,4%-ы жұмыс жағдайының дұрыс ұйымдастырылмауынан болады.