Кезекте тұрған 50 отбасына баспана кілті табысталмақ
Фото: Редакция мұрағатынан
Өскемендегі 28-ші шағын ауданда құрылысы аяқталған 50 тұрғын үйдің кілті баспанаға мұқтаж отбасыларға табысталады.
Жаңа қоныс иелері қала әкімдігінің өкілдерімен бірге салынған тұрғын үйлерді аралап, сапасын көріп қайтқан болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған шағын ауданда салынып жатқан бір қабатты жер үйлер көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Он сотық жері бар, ауданы 85 шаршы метр болатын үш бөлмелі жер үйлердің ауласына гараж, отын-көмір сақтайтын қоражай салуға және бау-бақша егуге рұқсат.
- Көпбалалы анамын, бес балам бар. Үй кезегінде 45-ші болып тұрған едім. Жаңа салынған үйлерді көруге шақырған соң барып қайттым. Үйлердің бөлмесі, сапасы бәрі көңілден шықты. Енді комиссия отырысы өткен соң үйдің кілтін беретін болды, - дейді көпбалалы ана Гүлзат Сағымжанова.
Айта кетейік, 28-ші шағын ауданға енді 256-шы маршрут автобусы тұрақты жүріп тұр. Осылай жаңа шағын ауданнан қалаға қатынау мәселесі де шешілген.