Бір қабатты Шығыс: тағы 316 үй пайдалануға беріледі
Фото: m-strana.ru
Биыл облысымызда «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына төртінші жыл.
Аталмыш бағдарлама аясында 2020-2022 жылдар аралығында жеке инвесторлар есебінен жалпы ауданы 51,7 мың шаршы метр болатын 589 бір қабатты үй салынған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Кейіннен бұл үйлердің кілттері кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтары мен жетімдерге берілді. Үйлерді сатып алу мақсатына облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді.
Облыстық құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан хабарлағандай, 2023 жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалпы ауданы 25,4 мың шаршы
метрді құрайтын тағы 316 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда. Оның ішіндегі 93 үй ауылдардағы аз қамтылған көпбалалы отбасыларға тиесілі болмақ.
Белгілі болғандай, бүгінге дейін жалпы ауданы бір мың шаршы метр болатын 15 тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның бесеуі Катонқарағай, екеуі Күршім, сегізі Зайсан аудандарында орналасқан.