Көпбалалы отбасыларға баспана беріледі - Глубокое
Биыл Глубокое ауданында бірнеше көпбалалы отбасы баспаналы болмақ.
Қазіргі уақытта Глубокое кентінде екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Терезе» ЖШС өз есебінен салуда.
- Жалпы ауданы 100 шаршы метр 2 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, облыстық бюджет есебінен біз бұл үйлерді көпбалалы отбасыларға сатып алып береміз, - деп түсіндірді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дархан Ордаханов.
Бұдан бөлек, кентте 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Мұндағы пәтерлер негізінен тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрған азматтарға арналған. Оның ішіндегі 15 пәтер республикалық бюджет есебінен көпбалалы отбасыларға беріледі.
- Ауданда баспанаға мұқтаж 75 отбасы бар. Олардың 35-і Глубокое кентінен. Аталмыш жобалар аясында біз Глубокое кенті бойынша баспанаға кезекте тұрғандардың сұранысын толықтай жабамыз, - дейді аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Эльдар Идрышев.
Қазір жаңа көп қабатты үйдегі пәтерлер иелеріне беріліп жатыр. Ал екі пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Айта кету керек, биыл ауданда баспанаға мұқтаж 2 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналы болды.