ШҚО әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті
Елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың негізінде мәдени құндылықты дәріптеу негізгі мақсаттардың біріне айналып отыр. Бүгінгі таңда цифрлық технолгия тетігін пайдалана отырып, рухани мұраларымызды жастарға насихаттаудың маңызы артып келеді. Өңірдің шығармашылық өкілдерімен кездесу өткізген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев зиялы қауымның креативті идеялары мен ұсыныстарын тыңдады.
Еркін форматта өткен кездесуге шығармашылық адамдарымен қатар өнер мен мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген жастар да қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәдениет саласының өкілдерін аймақ басшысы креативті бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерінің креативті идеялары мен жоспарларын айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Айтыскер ақын Серік Қуанған ақындардың арнайы орталығы болса деген тілегін жеткізсе, қоғам белсендісі Аян Қалымбек Өскемендегі кинотеатрларда қазақ тілді мультфильмдер мен фильмдер жұртқа ыңғайлы уақытта көрсетілсе деген ұсынысын айтты.
Өзге де шығармашылық өкілдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиын тізгінін қолға алған облыс әкімінің кеңесшісі Әлішер Сүлейменов талқыға салар тақырыптың ауқымы кең екенін ескеріп, алдағы уақытта мұндай кездесуді жиі ұйымдастыру қажеттігін тілге тиек етті.