Мемлекеттік қызметтің майталманы
Мемлекеттік қызметкер қашан да ел игілігі үшін еңбек етеді. Глубокое аудандық қазынашылық басқармасының төлемдерді алдын ала бақылау және өткізу тобының бас маманы – бас қазынашысы Алмагүл Қанапьяноваөткен күндер күнделігін, еңбек жолын қалай бастағанын мақтанышпен еске алады.
1982 жылы Алматы есеп-кредит техникумын «Мемлекеттік банктегі есеп және оперативті техника» мамандығы бойынша бітірген Алмагүл Әденбекқызы жас маман ретінде облыстық Мемлекеттік банкінің Глубокое аудандық филиалына қызметке орналасады.
Бұл күнде тәжірибесі толысқан, қаржы саласының қыр-сырын жетік меңгерген Алмагүл Әденбекқызы ең алғаш қаржы саласына имене басып келген кезінде жол көрсетіп, бағыт-бағдар берген тәлімгері Тамара Миляеваны ризашылықпен еске алады.
Өмірінің ажырамас бөлшегі
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы еліміздің қаржы саласында жүргізілген өзгерістер мен қайта құру кезеңдерінің барлығында белсене атсалысқан Алмагүл Қанапьянованың қажырлы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Өз ісінің білікті маманы ретінде бағаланып, қаржылық-операциялық топтың жетекші қазынашысы атанды. Одан алты жыл мемлекеттік бюджеттің атқарылуы, алдын ала бақылау және кассалық қамтамасыз ету секторының меңгерушісі, оңтайландыруға байланысты келісімшартты тіркеу тобына бас қазынашы болып ауыстырылды. Жыл өткен сайынғы жиған тәжірибе мен ізденістер, өз ісіне деген қалтқысыз еңбегі мен жоғары жауапкершілігі көп жерде өз нәтижесін берді.
Қаржы жүйесі бір орында тұрған жоқ, тұрмайды да. Бұл бюджеттік заңнамадағы өзгерістерге үйреніп, заманауи тенденцияларға ілесу керек екенін білдіреді. Бас маман аудан әкімшілігінде «Оракл» жүйесін енгізуге тікелей атсалысты. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органдарға «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесі арқылы қашықтықтан қызмет көрсетіледі.
Тәуелсіз елдің 33 жылдағы экономикалық өрлеуі мен қазынашылық жүйенің дамуы тұспа-тұс келді. Өйткені жүйеде болып жатқан өзгерістердің барлығы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік жетістіктерін айқын көрсетті. «Қазынашылық-Клиент» АЖ жүйесін енгізу – елді цифрландыру және мемлекеттік органдарды электронды құжат айналымына көшіру жолындағы негізгі қадамдардың бірі.
Алмагүл Әденбекқызы – үнемі білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтауды құптайтын маман. Өзінің кәсіби деңгейін көтеру үшін «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттары» курсынан өткен. «Мемлекеттік бюджет және қазынашылық» тақырыбы бойынша біліктілігін арттырды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Этикалық мәдениет және имидж» тақырыбында қашықтан оқыды. 2020 жылы «Латын графикасы негізіндегі ресми хат алмасу және іс жүргізу» атты қашықтан оқытудан өтті.
Талабы зор мамандық
Оның көп жылғы еңбегін облыстық қазынашылық департаменті басшылығы жоғары бағалайды. Облыстың қазынашылық жүйесінің мерейтойларына орай өз ісіне адал, жауапкершілігі мен кәсіби деңгейі жоғары маман ретінде Алмагүл Қанапьянова жоғары марапаттарға ие болды. Облыстың дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгізілгеніне 20 жыл толуына орай қаржы жүйесін қалыптастыру мен дамытуға қосқан үлесі үшін Ұлттық банк төрағасының алғыс хатын, Қазынашылық комитеті төрағасының Құрмет грамотасын иеленген.
2022 жылы қазынашылық департаменті басшысының міндетін атқарушы Ж.Манабаева Алмагүл Әденбекқызына мінсіз мемлекеттік қызметі, лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін және 60 жылдық мерейтойына орай Құрмет грамотасын табыс етті. Алмагүл Әденбекқызы бұдан өзге де толып жатқан құрмет-марапаттарды иеленген
Бүгінде Алмагүл Қанапьянова көптеген жас маманның тәлімгері. Әрбір қазынашылық қызметкері күнделікті жұмысында өзінің маңызды миссиясын – бюджет қаражатын ұқыпты және мақсатты жұмсалуын түсіну керек. Бюджет қаражатының қозғалысын бақылау арқылы қазынашылар экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, бұл – мемлекет саясатының негізгі басымдығы.
Бас маманның айтуынша, қызмет барысында ұжымдағы атмосфера үлкен рөлге ие. Тек өзара татулық пен сыйластық жоғары жетістіктерге жетуге септігін тигізеді.
Әріптестеріме зор денсаулық, ашық аспан, бақ-береке тілеймін, – деді сөз соңында Глубокое ауданының бас қазынашысы Алмагүл Әденбекқызы.
Cерік Құсанбаев