KZ
Өскемен
+21°
небольшая облачность жел 4 м/с, З
478.96 533.03 5.22

ШҚО-да қызмет барысында қаза тапқан үш полицейдің балалары білім грантына ие болды

фото: polisia.kz

27.08.2024, 14:10 57 Айжанат Бақытқызы

Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан шығысқазақстандық полицейлердің балалары грантпен оқуға түсті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өз борышын орындау кезінде қаза тапқан полиция, өрт сөндірушілер мен әскери қызметкерлердің отбасыларына білім беру саласында тиісті жеңілдіктер беру туралы көптеген мәселелер қарастырылды.

Атап айтқанда, балаларын балабақшаларға кезексіз қабылдау, жоғары оқу орындарында оқуға гранттар беру туралы мәселелер шешілді.

Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері қаза тапқан үш әріптесінің балаларына жоғары оқу орындарына грантқа түсуге көмектесті.

ШҚО Полиция департаменті ППБ жол полициясы инспекторы Ерболат Көшембаевтың кіші ұлы – Нұрсұлтан өзі армандағандай, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде “менеджмент” мамандығы бойынша оқитын болды. Полиция қызметкері жол-көлік оқиғасына әкеп соққан заң бұзушыны ұстау барысында қаза тапқан, ол кезде Нұрсұлтан небәрі екі айлық бала болған.

«Сізге және сіздің ұжымыңызға рақмет. 17 жыл бойы біз әрқашан қиын сәттерде сіздердің қолдауларыңызды сезініп келеміз. Ұлым әкесі туралы көп білмесе де, өздеріңізге сенім арта алатынын сезініп өсті, бұл үшін сіздерге үлкен алғыс», – деп жазды Нұрсұлтанның анасы ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған алғысхатында.

Дәуір Ибраевтың қызы – Адель қыркүйек айында Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында оқуын бастайды. Бойжеткен “тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың сызбасы” мамандығын таңдады. Анасы атап өткендей, олардың отбасы полиция департаментінің басшылығы мен тәрбие және кадр жұмысы басқармасының қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіреді.

«Сіздердің көмектеріңіз бен біздің жағдайымызға бей-жай қарамауларыңыз үлкен құрметке лайық. Сондай-ақ ШҚО ПД кадр бөлімінің қызметкерлері Қарлығаш Жүсіпова мен Ақбота Нұрмұхамбетоваға грант алуда көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді», – дейді марқұм полицейдің жұбайы Әсел Ибраева.

Полиция қызметкері Асқар Қуандықовтың ұлы – Бексұлтан Еребек гранттың үшінші иегері атанды. Оның әкесі Күршім АПБ учаскелік инспекторы болып жұмыс істеген, тәртіп сақшысы ЖКО салдарынан қаза тапқан. Уақыт өте келе Бексұлтанның анасы да көз жұмған, баланы атасы тәрбиелеп өсіріп, бір-біріне тірек бола білген. Шәкәрім атындағы университетке түскен жігерлі жас жігіт болашақта мұғалім болуды жоспарлап отыр.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив