KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, Ю
505.71 591.43 6.65

Өскеменде ЖЭО салу жөніндегі келісімшарт қаңтар айының соңына дейін дайындалады

21.01.2026, 15:30 129 Айдос Мырзахметов

Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорына қаңтар айының соңына дейін Өскемен, Көкшетау және Семей қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын іске асыру бойынша келісімшарт жасауды тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Мемлекет басшысы әр жауапты лауазымды тұлғаға батыл, қалыптан тыс әрі инновациялық шешімдер қабылдау қажеттігі жөнінде қатаң талап қойды. Бұл талап өмірдің барлық саласына қатысты, – деді Үкімет басшысы. – Әр министр мен әкімнен, әр сала мен әр өңірден нақты, нәтижелі жұмыс күтіледі.

Еске саламыз, Қазақстан Президенті Ұлттық құрылтайдың V отырысында атом электр станцияларының құрылысы аяқталғанын күтпей, жаңа энергетикалық қуат көздерін іске қосу қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай өзін-өзі энергетикалық қамтамасыз ету мәселелері мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылуға тиіс. 

– Күн тәртібінде маңызды жобаларды жедел іске асыру мәселесі тұр: Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтары салынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Мәселе шешімі созылып кеткенін мойындау керек, халық күтіп отыр. Бұл наразылығым Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына бағытталады.

Мемлекет басшысы Құрылтайға жиналған жұртшылық назарын елдің стратегиялық, бәсекеге қабілетті артықшылықтарына аударды. Президенттің айтуынша, Қазақстан әлеуетін айқындайтын маңызды мүмкіндіктердің бірқатары әрі толық көлемде іске асырылмай отыр. 

Атап айтқанда, елдегі көмір қоры орасан зор – шамамен 33 миллиард тонна. Қазіргі тұтыну деңгейін ескерсек, бұл қор 300 жылға жетеді. Жыл сайынғы көмір өндіру көлемі 110 миллион тоннадан асады және бұл елімізді әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына шығарып отыр.

– Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Қоршаған ортаға зиянды әсерін толық бейтараптандыратын ең жаңа технологияларды қолдана отырып, барынша тиімді пайдалану қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. - Көмір генерациясын дамытуды Ұлттық жоба мәртебесіне көтеру қажет. Үкіметке бұл мәселені 20 наурызға дейін шешу тапсырылады.

Бүгін ҚР Энергетика министрі Үкімет отырысында көмір генерациясын дамытуға арналған Ұлттық жобаны әзірлеуге кіріскенін баяндады.

Жалпы қуаты шамамен 7,6 ГВт-ты құрайтын көмір генерациясы жобаларын жоспарға енгізу көзделіп отыр. Бұл ретте экологиялық заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, «таза көмір» технологиялары негізіндегі көмір генерациясы жобаларына айрықша басымдық берілмек.

– Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын жалпы қуаты 960 МВт үш ЖЭО жобасы министрлік тарапынан толық бақылауда болады және оларды аяқтау мерзімі өзгермейді, – деп нақтылады Ерлан Ақкенженов. - Әрбір жоба егжей-тегжейлі сипатталып, көмір генерациясын дамыту жөнінде әзірленіп жатқан Ұлттық жобаға бекітіледі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысын бірқатар нақты тапсырмамен қорытындылады. Өскемен қаласында ЖЭО салу жобасына қатысты Үкімет басшысы келісімшарт жасау талабын қойып, қатаң ұстанымын білдірді.

– Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталуы тиіс. Әрбір басшы жеке жауапкершілік арқалайды. Президент тапсырмасының орындалуы жеке бақылауымда болады, – деді Олжас Бектенов.



Марат Усманов 

Аударған: Айдос Мырзахметов 

Фото: ҚР Үкіметі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу