Қасым-Жомарт Тоқаев: «Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында сөз сөйледі. Президент бұл реформа халықтың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе екендігін баса айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы ғана шешілуі тиіс және тыңғылықты дайындық қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болатынын айтты.
«Бүгін біз Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобының алғашқы отырысына жиналдық. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада арнайы Жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа – еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс. Жолдауымда бұл мәселе азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деп нақты айттым. Бүгін, міне, бірінші отырысымызда Парламенттің, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің және саяси партиялардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері бар. Бәрі де елге танымал азаматтар, түрлі саланың мамандары. Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе. Жұмыс тобының әр мүшесі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұмыс істейді деп сенемін», - деді Президент.

