KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, СБ
509.94 593.88 6.43

Өрт қауіпсіздігі: ШҚО-да 60 мыңға жуық жер үй тексерілді

Кеше, 10:00 85 Ержан Әбіш

ШҚО-да өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жылыту маусымы басталғалы бері төтенше жағдайлар департаментінің мамандары пешпен жылытылатын 59 мыңнан астам жер үйді аралап шықты. Ауқымды рейдтердің басты мақсаты – тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау, өрттің және иіс газымен улану жағдайларының алдын алу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында шамамен 17 мыңға жуық түрлі заңбұзу деректері анықталды. Олардың басым бөлігі пештерді, мұржаларды және электр құралдарын пайдалану талаптарының сақталмауымен байланысты. Анықталған кемшіліктердің 2489-ы департамент қызметкерлерінің ұсынымдары бойынша дереу жойылып, тұрғындарға нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Рейдтер кезінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Құтқарушылар мұндай отбасылардың үйлеріне көмірқышқыл газының (иіс газының) 489 датчигін орнатты. Бұл құрылғылар қауіпті газдың жиналуын дер кезінде анықтап, дабыл береді. Ағымдағы жылыту маусымында дәл осындай датчиктің көмегімен тұрғын үйде жиналған уытты газ туралы ерте ескерту жасалып, егде жастағы әйелдің өмірі сақталып қалды. Бұл – алдын алу шараларының нақты нәтижесі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов тұрғын үйлерде жиі кездесетін бұзушылықтарға тоқталды:

– Көбінесе тұрғын үйлердегі кемшіліктер пештер мен электр құралдарын дұрыс пайдаланбаудан туындайды. Мұржалар уақытылы тазаланбайды, жарықшақтары бар пештер жөнделмейді, өрт қаупі жоғары розеткалар қолданылады. Сондай-ақ бір розеткаға бірнеше электр құралын қосу арқылы желіге артық жүктеме түсіріледі. Мұның барлығы өртке әкелуі мүмкін, – деді ол.

Өрттің және көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу үшін департамент мамандары тұрғындарға бірқатар маңызды қағидаларды қатаң сақтауды еске салады. Атап айтқанда, түтін құбырлары, мұржалар және пештердің басқа элементтері күйеден тазартылуға тиіс: қысқы пештер үшін кемінде үш айда бір рет, ал үздіксіз жұмыс істейтін пештер үшін екі айда бір реттен кем емес. Шатырларда және үй-жайларда барлық түтін құбырлары мен қабырғалар әктелуі қажет. Пештің алдындағы еденге міндетті түрде өлшемі 50 де 70 сантиметр болатын металл қаңылтыр төселуі шарт. Ал оттықтан шығарылған ыстық күл мен қож арнайы белгіленген орынға төгіліп, үстіне су құйылуы керек.

Пешпен жылытуды қауіпсіз пайдаланудың маңызды факторларының бірі – пештің дұрыс орнатылуы. Жанғыш заттар пештен нормативтік қашықтықты сақтай отырып орналасуға тиіс. Қатты аяз кезінде пешті шамадан тыс қыздырмау үшін оны күніне екі-үш рет, әр жолы 1-1,5 сағаттан артық емес уақыт жағу ұсынылады.

Сонымен қатар электр қауіпсіздігі де назардан тыс қалмауы керек. Электр желісіне артық жүктеме түсірмей, бір розеткаға бірнеше электр құралын қатар қоспау қажет. Ашық отты абайсыз пайдалану да үлкен қауіп төндіретінін ұмытпаған жөн.

Департамент мамандары тұрғындарды қырағы болуға шақыра отырып, өрт немесе басқа да төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласуды ескертеді. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі, ал алдын алу шаралары адам өмірін сақтаудың ең тиімді жолы болып қала бермек.

Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу