ШҚО құтқарушылары тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті күшейтуде
Жылыту маусымы басталғаннан бері облыс құтқарушыларының негізгі назары пешпен жылытылатын жеке үйлерде. Құтқарушылар елді мекендерді аралап, өрттің алдын алу, пешті дұрыс жағу және тұрмыстық қауіпсіздік талаптары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Altainews.kz.
Шығыс Қазақстан облысында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жалғызбасты қарттар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар тұратын 2 700-ден астам тұрғын үй тіркелген. Дәл осы мекенжайларда ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мамандары жергілікті атқарушы органдар және әлеуметтік қорғау қызметкерлерімен бірге көмірқышқыл газының қаупі туралы хабар беретін құрылғылар орнатуда.
Мамандардың айтуынша, бұл құрылғылар тұрғын үйлерде қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Улы газ бөлме ішіне тараған сәтте датчиктің оптикалық сенсоры инфрақызыл сәуленің өзгерісін анықтап, бірден дабыл қағады.
Талдау көрсеткендей, бұл газ түрінен улану жағдайларының басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде тіркелген. Себебі, жарығы бар ескі пештер жиі қолданылады. Пештегі кішкентай саңылаулардың өзі қауіпті газдың үй ішіне тарауына себеп болуы мүмкін.
Биыл өңірде 20 мыңнан астам профилактикалық рейд жүргізіліп, пешті дұрыс пайдаланбауға қатысты 9 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған.
Құтқарушылар тұрғындарды жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Яғни, үйден шығарда электр құралдарын қосулы күйде қалдыруға болмайды. Электр желісін шамадан тыс жүктемей, пеш мұржасын кемінде үш ай сайын тазалап тұру керек. Күл мен шлакты арнайы қауіпсіз жерге төгіп, толық өшіріп тұру міндет.
Ал өрт немесе төтенше жағдай туындаған кезде 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.




