ШҚО-да апатты мектептер мүлдем жоқ – Білім басқармасы
Фото: ашық дереккөз
Оқу жылы аяқталған соң облыс бойынша 26 мектеп жөндеуден өтетін болады.
Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша апатты жағдайда тұрған мектеп жоқ. Жыл сайын жазда оқу орындарында жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Биыл 3 мектеп күрделі, 23 мектеп ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 1,1 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігерлер анықталып жатыр.
Облыс бойынша барлығы 342 мектеп бар. 2025 жылға дейін Шығыс Қазақстанда 20-ға жуық жаңа мектеп салынбақ, оның тең жартысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді.