Биыл еліміздің мектептерінде 124 стоматологиялық кабинет ашылды
Қазақстанда мектеп жасындағы балаларға профилактикалық стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы еліміздің барлық өңірлерінде білім беру ұйымдарының базасында 124 стоматологиялық кабинет ашылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған кабинеттер Қазақстанның 17 өңірінде іске қосылды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл бастама балалардың ауыз қуысы ауруларының алдын алуға, стоматологиялық қызметті ерте жастан қолжетімді етуге бағытталған. Бағдарлама алдағы жылдары да жалғасын табады. 2028 жылдың соңына дейін 1000 және одан да көп оқушысы бар мектептерде 987 стоматологиялық кабинет ашу жоспарланып отыр.
Профилактикалық стоматологиялық кабинеттерде оқушыларға жеке тәсілмен кешенді көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, қызмет түрлеріне: стоматологиялық ауруларды ерте диагностикалау; тіс дәрігеріне уақтылы емделуге жолдама беру; ауыз қуысының гигиенасын дұрыс сақтауға үйрету; балалармен қатар педагогтар мен ата-аналарға арналған санитариялық-ағарту жұмыстары кіреді.
Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарда балалар мен олардың ата-аналарына ауыз қуысына күтім жасаудың маңызын түсіндіру мақсатында арнайы гигиеналық бұрыштар құрылуда. Бұл шаралар ерте жастан дұрыс гигиеналық әдеттердің қалыптасуына ықпал етеді.
Бағдарламаны іске асыру барысында медициналық кадрлардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінген. 2025 жылы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ Қазақстан) қолдауымен стоматологиялық аурулардың профилактикасы бойынша 2 700-ден астам мейіргер арнайы оқытудан өтті. Бұл мектептердегі профилактикалық жұмыстардың сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы балалардың ауыз қуысы гигиенасына деген жауапкершілігін арттырып, стоматологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға бағытталған. Бұл өз кезегінде тісжегінің таралуын және оның асқынуларын азайтудың негізгі факторларының бірі болып саналады.
Жалпы алғанда, бағдарлама балалардың жалпы денсаулығын нығайтуға, мектеп жасындағы балалар арасында профилактикалық медициналық көмекті дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға елеулі үлес қосып отыр.