Шығыс Қазақстан өңірі – ежелгі ескерткіштерге толы мекен. Сол бір байырғы бабадан қалған көне мұраларды сақтап қалудың бүгінгі таңда маңызы зор. Осыны ескере отырып, Мәдениет басқармасы өлкеміздегі тасқа қашалып, бедерленген таңбаларды және құнды ескерткіштерді сандық форматқа көшіріп, сақтап қалмақ.
ШҚО мәдениет басқармасы келешекте археология ескерткіштерін сақтау және оларды музейлендіру жұмыстарын қарқынды түрде қолға алып жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстарының жайын басқарма басшысы Нұрболат Ахметжанов айтып берді.
– Біз біраз шаруаларды атқарып, кейбірін алдағы уақытқа жоспарлап отырмыз. Ақбауырдағы археологиялық ескерткіштің үстіне күмбез орнату жоспарда тұр. Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның ежелгі кескіндемесінің виртуалды көшірмелерін жасауға және бүкіл әлемдік қоғамдастыққа қолжетімді етуге мүмкіндік беретін Ақбауыр үңгіріндегі жартастағы суреттерді сандық жүйеге көшіруді қолға алдық. Шығыс Қазақстан аумағындағы ежелгі кен орындарын картаға түсіру, ежелгі кеніштердің топографиялық жоспарлары мен үш өлшемді модельдерін құру сияқты жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырмыз, – деді Нұрболат Ахметжанов.
Бұл даланың тасына бабалар тарихын таңбалап, қойнауына қазынасын көміп кеткен. Оған дәлел - археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған алтын адамдар мен сан түрлі жәдігерлер. Оларды қалай болғанда да сақтап қалудың біз үшін маңызы зор.
– Осы кезеңде облысымыздың 15-тен астам археологиялық ескерткіштері, оның ішінде 82 қорған, Ақбауыр елді мекені, Аблайкит ғибадатхана кешені зерттелді. Археологтар көшпелі өмір салты дәуіріне жаңа көзқараспен қарауға және ата-баба мәдениеті туралы түсініктерді едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретін бірегей жаңалықтар жасады, – деді басқарма басшысы.