Кедергілерді жеңген рух: Шығыс Қазақстанда инклюзивті спорт саңлақтары марапатталды
Шығыс Қазақстан облысында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған спорт клубының спортшылары мен жаттықтырушыларына арналған тағылымы терең, мазмұны мәнді салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл жиын жай ғана қорытынды шара емес, өңірде инклюзивті спорттың орнықты дамып келе жатқанын айғақтайтын, адам рухының беріктігі мен табандылығын дәріптеген ерекше сәтке айналды. Іс-шараның бас демеушісі болған «Қазцинк» компаниясы спортшылар мен жаттықтырушыларға түрлі сыйлықтар табыстап, олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты кездесудің шынайы атмосферасы, спортшыларға көрсетілген ықылас пен сенім олардың жүрегіне үміт ұялатып, жаңа белестерге жетуге деген құлшынысын күшейтті. Іс-шара барысында 51 спортшы мен 15 жаттықтырушы марапатталып, олардың әрқайсысының қажырлы еңбегі мен табандылығы атап өтілді.
Салтанатты марапаттау аясында спорттық атақтардың нормативтерін орындаған бірқатар спортшылардың еңбегі де елеусіз қалмады. Шахматтан спорт шеберіне үміткер Назлы Әмірқұмароваға, пара жүзуден спорт шеберіне үміткерлер Матвей Похомов пен Кирилл Ресслерге, сондай-ақ пара үстел теннисінен спорт шеберіне үміткер Ринат Сахаринге спорттық атақтарын растайтын арнайы куәліктер табысталды. Бұл – ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің, жігер мен төзімнің нақты көрінісі.
Жиын барысында сөз алған «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев спорттағы табыс тек жеке жеңіс емес, тұтас қоғам үшін маңызды рухани құндылық екенін атап өтті.
Токио қаласында өткен ХХV жазғы Сурдолимпиада ойындарының жеңімпазы Фаина Мейірманова да көрсетіліп отырған қолдаудың маңызын ерекше атап өтті. Ол Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Қазцинк» компаниясына алғыс білдіре отырып, мұндай қамқорлық спортшыларға сенім ұялатып, биік мақсаттарға жетуге жол ашатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл қолдау жаттығу үдерісін жүйелі жүргізіп, әр жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалуға мүмкіндік береді әрі жаңа жетістіктерге жетуге қуат сыйлайды.
V Азия параойындарының жасөспірімдер арасындағы чемпионы, жүзуден ел намысын қорғаған Кирилл Ресслер үшін де бұл күннің орны бөлек болды.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубының әдіскері Мейірбек Елемесовтің айтуынша, бүгінгі салтанатты іс-шараның басты мұраты – спортшыларды қолдау, олардың еңбегін әділ бағалау және алдағы жетістіктерге жігерлендіру.
Оның сөзінше, алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі жандар спортының дамуына қажетті жағдайлар жасалып, әр спортшының әлеуетін толық ашуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын таба бермек.
Жайна Сыранова
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жалғас Сақадиев















