Өскеменде «Олимпиада күні» спорттық шарасы өтті
Бүгін Өскемен қаласында Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде Олимипиада күні қарсаңында спорттық шара өтті. Халықаралық сипатқа ие болған ауқымды шарадан жергілікті жас спортшылар да шет қалмады.
Шараның басы биыл әлемнің 60-тан астам елінен келген жас спортшылар Францияда өткен гимназияда ойындарында бақ сынап, сол байрақты бәсекеде жүлдегерлер қатарынан көрінген Шығыс Қазақстандықтарды марапаттаудан басталып, одан әрі ұлдар мен қыздар арасында 60 метрге жүгіру (көрермендерді тарта отырып), ядро итеру және биіктікке секіру бойынша жарыстар/мастер-кластар өткізілді.
Спорт шарасына ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Құсұмбаев, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысты. Жас спортшыларға сәттілік тілеп аталған күннің маңыздылығына атақты жерлесіміз тоқталып өтті.
«Олимпиада күнін» атап өту – жалпақ жұртқа салауатты өмір салтын насихаттауды көздейді. Әлем бойынша 200-ден астам Ұлттық Олимпиада комитеттері бұл іс-шараны атап өтуге мұрындық болып келеді. Осы күні жас спортшылар арасында жарыстар өткізіліп, топты жарған,елдің атын шығарған спортшылар оларға дәріс сабағын өткізеді.Осы арқылы біз жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортқа баулуға шақырамыз, қызықтырамыз. Міне бүгін залда отырған жас көрермендерде жүгіру жолына шығып, өздерінің бақтарын сынауда.Бұл өте қуантарлық жағдай» дейді Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.
Сонымен қатар даңқты жерлесіміз сайыста бағын сынаған балғындарға келіп, жас спортшылардың қарымын бағамдады. Иә, шарадан шет қалмаған әр спортшы өз мүмкіндіктерін барынша көрсетуге тырысты. Араларында спортқа енді бет бұрғандарымен қоса, республикалық додаларда топ жарып жүрген жасөспірімдер де бар.
Сонымен спорт түрлері бойынша жарыстар/мастер-кластар өткізілгеннен кейін іс-шараға қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.