Азия чемпионы атанған Азаматты жерлестері әуежайдан қарсы алды

Фото: автордікі
Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен мәресіне жеткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық бірінші орынды жеңіп алды.
Бір қуантарлығы, ел құрамасының осындай дүбірлі додада топ жаруына септігін тигізген спортшылардың арасында біздің жерлестер де болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Солардың бірі – салмағы 86 келіден аспайтын спортшылар бәсекесінде қарсылас шақ келтірмей, еркін күрестен осымен екінші мәрте Азия чемпионы атанған Азамат Дәулетбековті жерлестері жарты сағат бұрын Өскемен әуежайынан құрметпен, шашу шашып қарсы алды.
Биылғы бәсекеге бабында барған балуанымыз сенімді жеңіске жетті. Сөйтті де, Азия біріншіліктеріндегі алтын медальдарының санын екеуге дейін жеткізді. Еске салайық, жерлесіміз құрлықтық жарыстардағы бірінші алтынын былтыр Ұлан-Баторда өткен біріншілікте жеңіп алған болатын.
2022 жылы Дәулетбеков Әлем кубогы үшін жарыста да үздіктер қатарынан көрінгенін айту керек. АҚШ-тың Коралвилл қаласында өткен сол додада жерлесіміз командаластарымен бірге үшінші орынға қол жеткізген еді. Сонымен қатар Азаматтың еншісінде алты дүркін Қазақстан чемпионы деген атақ та бар.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметінен хабарлағандай, биылғы құрлықтық додаға 24 елден келген 300-ден астам балуан қатысты. Елорда төріндегі Азия біріншілігі тура бір аптаға созылғанын айту керек. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын 30 спортшы қорғады.
Тағы бір атап өтерлігі, биылғы Азия чемпионатында жеңіске жеткен балуандарға 2 300 АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі екен. Сол сияқты екінші орын алған спортшылар 1 400 доллар, ал үздік үштікті түйіндеген саңлақтар 900 доллар көлеміндегі сыйақыға ие болмақ.
Сондай-ақ шәкірттері үздік нәтиже көрсеткен жаттықтырушылар да сыйақысыз қалмайын деп тұр. Бұған қоса «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын беру де қарастырылған.
Бұл туралы жарыс алдында Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова мәлім еткен болатын.