Шығысқазақстандық балуандар ел чемпионатында топ жарды
шартты сурет
Семей қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Екі аптаға жуық уақытқа созылған байрақты бәсекеге шығысқазақстандық балуандар да қатысып, ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті.
Жалпы, бұл жолғы республикалық жарыс U-17 және U-23 жас санаттарындағы спортшылар арасында өткенін айту керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген «Арена» көпфункционалды мәдени-спорт кешенінде ұйымдастырылған ел біріншілігіне ұзын саны 1 500-ге жуық балуан қатысып, ондаған салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Арасында біздің жерлестер де болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жергілікті спорт басқармасынан хабарлағандай, чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен келген балуандар қатысыпты. Бұл турнирді алдағы Азия және Әлем біріншіліктерінің іріктеу сыны деуге де болады екен.
– Жеңімпаз атанған спортшылар ел құрамасына шақыртылуы мүмкін. Одан әрі олар Қазақстан атынан Азия мен Әлем чемпионаттарында өнер көрсететін болады, – дейді Абай облыстық спорт басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымов.
Жоғарыда айтқанымыздай, Семейдегі дүбірлі додаға шығысқазақстандық балуандар да қатысып, тамаша нәтижелер көрсете білді. Мәселен, 23 жасқа дейінгі спортшылар бәсекесінде сынға түскен бес бірдей жерлесіміз үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Елдос Камелов барлық қарсыласын сенімді жеңіп, ел чемпионы атағына ие болса, көп ұзамай дәл сондай жетістікке тағы бір балуанымыз жетті. Ол 82 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ермахан Көшкінбаев еді.
Сондай-ақ Ерасыл Мамырбеков те жүлдегерлер арасынан табылды. Салмағы 55 келіден аспайтын спортшылар бәсекесіне қатысқан Ерасыл ел чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Одан 63 келіде белдесетін Нұрсұлтан Базарбаев та қалыспады. Оның да еншісінде қола медаль бар.
Облыс құрамасының қоржынына тағы бір жүлдені Диас Әскербай салды. Шығысқазақстандық балуан 67 келіге дейінгі салмақта күресіп, үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен республикалық біріншілікте жерлестеріміз бес медаль жеңіп алды. Оның екеуі алтын болса, үшеуі – қола. Осының арқасында Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жалпыкомандалық үшінші орынға ие болғанын айту керек.
Бұл – биыл «Арена» көпфункционалды мәдени-спорт кешенінде өткен бірінші республикалық жарыс емес. Еске салайық, осыдан біраз бұрын Семейдегі спорт кешенінде қазақ күресі мен дзюдодан елішілік додалар өткен болатын.