ШҚО-ға әскерилер жиналып, Президенттік көпсайыстан сынға түсті
Облыс орталығында Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерилері арасында Президенттік көпсайыстан жарыс өтті.
Спартакиадаға ШҚО, Абай және Павлодар облыстарынан келген 7 команда, 40-қа жуық спортшы өзара бақтарын сынады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі 3477 әскери бөлімінің базасында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен басталды.
Спартакиаданың спорттық бағдарламасы өте ауқымды әрі түрлі сайыстарға толы болғанын атаған жөн. Жалпы, Президенттік көпсайыс қызметтік қолданыстағы өте күрделі спорт түрі екені белгілі. Сайыс барысында қатысушылар өзара 4 жас топтарына бөлінді.
Сонымен, чемпионат жеке біріншілігінде 30 жасқа дейінгі спортшылар арасында бас жүлдені Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімінің спортшысы, кіші сержант Ербол Сембай қанжығасына байласа, 35 жасқа дейінгі спортшылар арасында Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің капитаны Абылайхан Сағынтаев чемпионға лайық деп танылды.
Командалық есепте павлодарлық 5512 әскери бөлімінің құрама командасы 1-ші орынды жеңіп алса, Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің құрама командасы жүлделі 2-ші орынды иеленді. Өскемендегі 6699 әскери бөлімінің құрама командасы 3-ші орынды алып, үштікті түйіндеді. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар табысталып, грамоталармен марапатталды.