Оқушы саны өсуде: ШҚО-да білім беру инфрақұрылымының даму қарқыны
Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылы білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Өңірде мектепке дейінгі тәрбие мен жалпы орта білім беру жүйесін жетілдіру, оқушы орындарының тапшылығын азайту және сапалы білімге қолжетімділікті арттыру негізгі басымдықтардың бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту – баланың тұлғалық дамуының алғашқы әрі маңызды кезеңі. Бүгінде Өскемен қаласында 14 700 балаға қызмет көрсететін 101 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Үлбі және Октябрьский шағын аудандарында балабақша орындары жеткілікті болғанымен, жаңа тұрғын үйлер қарқынды салынып жатқан ЖМК шағын ауданында 1715 орынға қажеттілік сақталуда. Осы мәселені шешу мақсатында жеке инвесторларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы қалада 359 жаңа балабақша орны құрылып, үш жекеменшік балабақша ашылды, тағы бес мекеме кеңейтілді. Ал 2026 жылы 670 орындық үш балабақша ашу және екі балабақшаны 255 орынға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. ЖМК шағын ауданындағы тапшылықты толық жою үшін 2029 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында төрт балабақша салу көзделген.
Облыста барлығы 347 мектеп жұмыс істейді, оның 52-сі Өскемен қаласында орналасқан. Қала мектептерінде 49 мыңнан астам оқушы білім алады. Сапалы білім берудің негізгі шарттарының бірі – заманауи және дамыған инфрақұрылым. Осы мақсатта жыл сайын білім беру нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуге 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Өткен жылы Нұрлыжол ауданында 599 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар 451,3 миллион теңгеге 15 білім беру нысаны жөнделіп, 123,1 миллион теңгеге 10 жаңа сынып бөлмесі сатып алынды.
«Келешеу мектептері» ұлттық жобасы аясында 2024–2025 жылдары облыста жалпы сыйымдылығы 1500 оқушыға арналған үш мектеп ашылды. Атап айтқанда, 300 орындық №31 мектеп, 600 орындық №40 және №41 мектептер пайдалануға берілді. 2025 жылы қосымша 222,7 миллион теңгеге 17 білім беру нысаны жөнделіп, 37,4 миллион теңгеге үш жаңа сынып бөлмесі жабдықталды.
Соған қарамастан, оқушы орындарының тапшылығы өңір үшін әлі де өзекті мәселе болып отыр. Қала бойынша 18 мектепте 3902 оқушы орны жетіспейді. Бұл мәселе әсіресе ЖМК шағын ауданында өткір сезіледі, мұнда тапшылық 1406 орынды құрайды. Соңғы төрт жылда ЖМК ауданында оқушылар саны 3,5 мыңнан астам балаға артқан. Бұл тұрғын үй құрылысының белсенді жүргізілуімен, қалаішілік және өңіраралық көші-қон процестерімен тікелей байланысты. Алдағы жылдары оқушылар санының одан әрі өсуі күтіліп отыр.
2025 жылы өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жеті заманауи мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектептерде бүгінде төрт мыңға жуық оқушы білім алуда. Жаңа оқу орындары қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырып, қажетті оқу жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды, әр блокта спорт залдары, санитарлық бөлмелер, жеке шкафтар, кітап оқу және демалыс аймақтары қарастырылған.
Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысы есебінен Зайсан қаласында 300 орындық жаңа мектеп ашылды, ал облыстық бюджет қаражатына Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық мектеп салынды. Оффтейк-келісімшарттар аясында облыстың ауылдық елді мекендерінде 280 орындық бес шағын мектептің құрылысы аяқталды.
Қазіргі уақытта өңірде жалпы сыйымдылығы 550 орындық тағы алты мектептің құрылысы жалғасуда. Бұл нысандарды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, «Казцинк» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында Риддер қаласында 600 орындық мемлекеттік тілде оқытатын мектептің құрылысы жүріп жатыр. Аталған білім ордасы 2026 жылы ашылады деп күтілуде.
Осылайша, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Жаңа мектептер мен балабақшалардың ашылуы, қолданыстағы нысандардың жаңартылуы өңірдегі білім сапасын арттыруға және өсіп келе жатқан ұрпаққа қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.