Өскеменде есірткі тасымалдаушылар ұсталды
Ағымдағы жылдың қараша айында «Рефлекс-2021» жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел қызметкерлеріне облыс орталығының 32 жастағы тұрғыны синтетикалық есірткі құралдарын жасырып кетумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті.
Азаматқа байланысты ақпарат расталғаннан кейін, күдікті ұсталды. Тінту барысында азаматтың киген күртешенің қалтасынан изолентамен оралған ұнтақ тәрізді зат пен түйіршіктері бар 28 полимерлі түйіншек табылып, тәркіленді. Олар сараптама қорытындысына сәйкес жалпы салмағы 15,07 грамм «Альфа-PVP» психотроптық заты болып табылады.
«Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, ҚР ҚК-нің 297 - бабы 3-бөлігіне сәйкес аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деп хабарлайды ШҚО ПД бастығы полиция полковнигі Сағат Мадиев.
Осы баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.