KZ
Өскемен
-1°
пасмурно Штиль
494.87 520.65 4.91

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

1.09.2020, 09:13 196

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
 
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауылшаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастама көтерді.

– Сондықтан еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек. Олар: игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі; жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі; әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу; өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру; адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту; «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау; мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу, – деді Мемлекет басшысы.

Президент білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен денсаулық сақтау саласын дамыту жайында айта келіп, отбасылық-демографиялық жағдайына және балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.

Мемлекет басшысының пікірінше, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейінше әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісін табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Алдымызда мемлекеттің азаматтарға қызмет етуінің жаңа стандарттарын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс бар. Бұл істе маңызды рөл атқаратын құқық қорғау органдары мен сот жүйесін үлкен реформалар күтіп тұр.

– Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыспен күрес саласын жаңғыртқан жөн. Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын. Тағы да қайталап айтамын, заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда ұлттық бәсекелестікке қол жеткізуде цифрландыру ісі барлық реформалардың негізгі тетігі мен басты құралына айналатыны айтылған. Бұл тұрғыда саяси реформалар мемлекетті басқаруға азаматтарды көптеп тартуға бағытталуы керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру.

– Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан, еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ. Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған. Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу