10 миллионға медициналық құрал және 1 миллион ақша. "Атамұра" президенті туған жері - Мақаншыға көмек көрсетті
Мақаншы ауданаралық ауруханасына жалпы құны 10 млн. теңгені құрайтын медициналық құрал жабдықар мен дәрі-дәрмектер қоры көмекке келді.
Оларды Үржар ауданының тумасы, «Атамұра» корпорациясының президенті Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлы арнайы көмек ретінде жерлестеріне жіберіпті. Жіберілген көмек ішінде ең қажетті 4 дана тыныс алу аппаратты, 10000 дана медициналық қолғап, 10000 дана антисептик, 10 дана медициналық қорғаныс экраны және 10 дана қорғаныш комбинизоны, 10 дана пульсоксиметр сияқты медициналық құралдар бар.
Одан бөлек, осы індеттен зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында құрылған «Үржарға көмек қоры» есеп шотына қосымша 1 млн.тг қаржылай көмек те көрсетті.
- Бұдан бұрында жерлестеріне, олардың денсаулықтарының оңалуына өз көмегін көрсетіп, Мақаншы ауданаралық ауруханасына құны 10 млн. теңгенің жеделсатысын сатып алып берген атымтай жомарт жерлесіміз Рақымғали Абрарұлына Үржар халқының айтар алғысы зор. Шет жүрседе жүректері ауылым деген өзіңіздей азаматтар көп болсын деп тілейміз, - деп жазды Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов әлеуметтік желідегі парақшасында.