Жармада «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қандай жұмыстар атқарылады?
Жарма ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылмақ, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин мәлімдеді.
Аталмыш жоба «Ауыл – Ел бесігі» ауылдарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуды, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді.
Осы бағдарлама аясында Қалбатау ауылында Абай атындағы көпсалалы мектеп-гимназия ғимаратын күрделі жөндеу, Достық көшесінің Омбы-Майқапшағай тасжолынан кіре беріс бөлігін ағымды жөндеу, Әуезов кентінде Мәдениет үйін салу, Бақыршық орта мектебі ғимаратын күрделі жөндеу және кент көшелерін орта жөндеу жұмыстары жоспарланған.
- Бүгінде барлық құрылыс жұмыстары қарқын алып, халық игілігіне бағытталған жұмыстар ерекше бақылауда. Білім ордаларын жөндеуші мердігерлер оқушылардың білім алуына кедергі тудырмау үшін барынша жөндеу жұмыстарын ширата отырып, жаңа оқу жылына дейін нысанды барынша қолданысқа беруге күш салуда. Дегенмен, жұмыс сапасы - күн тәртібіндегі басты талап, - дейді аудан басшысы.