Әуезов кентінде жолдар жөнделіп, Мәдениет үйі салынады

Жарма ауданының Әуезов кентінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин мәлімдейді.
Кенттегі көше жолдарын қалыпқа келтіру, Бақыршық орта мектебін күрделі жөндеу және жаңа Мәдениет үйінің құрылысы секілді жұмыстар қолға алынған екен.
Жалпы ұзындығы 1200 метр қашықтықты құрайтын көше жолдары құрылысы аяқталуға таяп қалды. Мердігер асфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп, жақын арада қолданысқа бермек.
Ал мектеп ғимаратын жөндеу жұмыстары ерекше қарқын алған. Қараша айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Сондай-ақ, кентте 400 орындық Мәдениет ошағы құрылысы да қызу жүруде. Бүгінде нысанның орнын әзірлеп, ірге тасын қалау жұмыстарына кіріскен. Жоспарға сай, Мәдениет үйі алдағы жылдың тамыз айында қолданысқа берілуі тиіс.