ШҚО-да жастар жаз кезінде жұмыспен қамтылады
ШҚО-ның қалалары мен аудандарында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы құрылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
16-29 жас аралығындағы көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан немесе жұмыссыз жастар, студенттер абаттандыру жұмыстарына тартылады. Жұмыс мерзімі 20 маусымнан басталып 1 қыркүйекке дейін созылады. Облыс көлемінде 1200 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Оларға 42 500 теңге мөлшерінде еңбекақы мен 35 394 теңге мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
- Бұл көпбалалы отбаынан шыққан балалар мен студенттерге біршама көмек болар еді. Арамызда оқу ақысын төлей алмаған, карантиннің салдарынан жұмыс таба алмай жүрген студенттер көп. Солар үшін қолайлы болмақ, - дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекқызы.
«Жасыл ел» жасағының қатарына қосылған жастарға еңбек кітапшасы ашылып, ресми түрде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 400-ден астам өтініш келіп түсті. Ең көп өтініш Катонқарағай ауданында түскен – 50 адам, екінші орында Курчатов қаласы. Мұнда 40 адам өтініш білдіріпті.
Жалпы «Жасыл ел» жасағының штабы Д.Серікбаев атындағы техникалық университетінде құрылған. Қазір мұнда 20 бала жұмыс бастаған екен.
- 20 баланың жартысы университет ғимаратындағы абаттандыру жұмыстарына тартылса, қалғаны Бұқтырма демалыс базасына жіберілді. Еңбекпен тапқан қаражатымызды көбінесе оқу-құралдар мен киім-кешекке жұмсаймыз, - дейді Естай Қанағатов.