ШҚО-да «NEET жастар» қалай жұмыс тауып жатыр?
Шығыс Қазақстан облысында «NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру бойынша шаралар кешенін іске асыру» жобасының қорытынды брифингі өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
NEET термині - (ағылш. Not in Education, Employment, or Training) оқымайтын, жұмыс істемеймін және өз біліктілігін көтермейтін жастар дегенді білдіреді.
Қазақстандағы NEET санатындағы жастар үлесі:
• 2020 жылдың 1 тоқсанына – 7,3%
• 2020 жылдың 2 тоқсанына – 7,6%
Шығыс Қазақстан облысындағы NEET санатындағы жастар үлесі:
• 2020 жылдың 1 тоқсанына – 5,7%
• 2020 жылдың 2 тоқсанына – 8,6%
Шығыс өңірі NEET санатындағы жастардың үлес салмағы бойынша республика көлемінде үшінші сатыда тұр. Ал аймақта мұндай жастармен қандай жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы облыстық жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығының жетекшісі Эльзира Жүнісова айтып берді.
– Жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 16 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Ал жұмыспен қамтудың жол картасы аясында облыс көлемінде 19 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Осы арқылы 3700 жас жұмысқа орналасты. «Жасыл ел» бойныша көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1206 жас жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 294 жас маман тұрғын үй сатып алу үшін 1,1 миллиард теңге бюджеттік несие алды, – деді Эльзира Жүнісова.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта жастардың бастапқы тәжірибе жинау мәселесінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы пәрменді құралдардың бірі болып тұр. Осы арқылы жастар тәжірибе жинақтап қана қоймай, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орната алады. Ал бұл жастардың өз саласын тауып, орнығуына үлкен мүмкіндік туғызады.