Өскемендегі Арбат өнерлі жастардың басын біріктірді
Жас буынның уақытын тиімді өткізу және олардың дарыны мен әлеуетін ашу мақсатында Өскеменде қалалық әкімдіктің қолдауымен еркін форматтағы шара ұйымдастырылды.
Кез келген өнер көрсетуге ниет білдірушілер алаңға шығып, талантын дүйім жұртқа паш етті. Шараның атауы жоқ болса да, қатысушылар оны «Арбат Party» деп атап алған екен. Яғни, жас ұжымдар мен жеке орындаушылар ән айтып, әр түрлі аспаптарда ойнап, өнерлерін ортаға салды.
- Жас таланттар көше әндері мен елдің сүйікті әнін шырқады. Жастар өздерінің ауласында, достарының арасында айтып, шертіп, ойнап жүргендерін осында, арбатқа келіп, көпшілік алдындай орындады, - дейді шараны ұйымдастырушы Ирина Барабаш.
«Party» деп арбатта бас қосқан кейінгі толқын ән мен жырды жарысып айтып-ақ жүр. Бұл бастаманы қаланың басқа жастары да жалғап әкетті.
- Мұндай шара менің білуімше бірінші болып отыр. Шара адамды шабыттандырады, жаңа шығармашылық белестерге жетелейді. Басқа да орындаушылар келіп, қалағандарын орындап жатыр. Ән-күйден жастықтың лебі еседі. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Аға буын мен жас буын да білетін әндер шырқалғанда өзгеше күйге енесің, - дейді шараға қатысушы Эвита есімді бойжеткен.