30 жылдан соң: «Зайсан-Үржар-Алматы» бағытында ұшақ қатынай бастады
Зайсанда әуе рейсі артты. Күні кеше ғана Өскемен-Зайсан, Зайсан-Үржар-Алматы бағытында отыз жылдан соң алғашқы рет ұшақ қатынай бастады.
- "Жол азабын жолаушы біледі" демекші Зайсаннан Алматы, Өскемен, Үржар бағытына қатынайтын аудан тұрғындары осы бір үлкен көмекке дән риза. Ауырып-сырқаған жандарды енді бұрынғыдай 2000 шақырымды Алматыға сөткелеп емес, не бары үш-төрт сағаттың ішінде жеткізетін болды. Алматыдан келер ағайынға, аудан тұрғындарына, той-томалағына, қуанышына еш қиындықсыз үлкен апа-аталарын алып ұшып баратын болды, -дейді Зайсан ауданының тұрғыны Еркебұлан Зағыпаров.
Сонымен қатар жазғы демалыс уақытында аудан тұрғындары Үржар ауданындағы Алакөл демалыс орнына кісі басы 7-8 мыңға автобус билетін алып, 10 мыңға такси жалдап, жөндеулі жолдың айналмасымен зорға жетіп, жол соғып демалғанын жол қағып әрең жететін. Сондықтан да көпшілік Алакөлге баруға ынталы болғанмен жолдың азабынан демалысқа барудан бас тартатын. Міне, енді айдынды Алакөлге не бары екі-үш сағатта ұшақпен еш шаршамай-ақ жетуге болады.
Билет бағасы 9 мың теңге. Ұшақ аптасына үш рет дүйсенбі, бейсенбі, сенбі күндері Өскемен-Зайсан-Үржар. Үржардан ары Алматы бағытына ұшады. Билет бағасы - Өскеменнен Зайсанға 8 мың теңге, Зайсаннан Үржарға 9-16 мың теңге, Үржардан Алматыға 14 мың теңге.