KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1,3 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Катонқарағайлық ұстаздар ескерткішті өз күштерімен жөндеп шықты

13.05.2020, 09:27 95

Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай Катонқарағай ауылдық округіндегі Қабырға негізгі орта мектебінің ұжымы ауылға батыс жақтан кіреберістегі республикалық жол бойында орналасқан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналып қойылған ескерткішке өз күштерімен шағын жөндеу және айналасына абаттандыру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Аталмыш білім беру ошағының басшысы Әділ Бердібековтың айтуынша, мектеп ұжымы алдымен ескерткіш тақталарындағы майдангерлер есімдері, ескерткіштің атауы қашалып жазылған жазулар, ордендер, сандар мен Қызыл жұлдызды қайтадан бояп, ескерткіш тақталары қойылған бетон тұғырлардың бетін әктеп, темір тағандармен жасалған қоршауын сырлаған. Сондай-ақ, ескерткіштің маңына тазалық жұмыстарын өткізіп, айналасын арам шөп пен қоқыстан тазартып, ретке келтірген.

-Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұжымдастарымызбен біріге кезінде осы Қабырға мен Жаңа Үлгі ауылдарынан Екінші дүниежүзілік соғысына аттанған майдангерлеріміздің құрметіне тұрғызылған еңселі ескерткішке өзімізше азды-көпті жөндеу жұмыстарын өткізуге шешім қабылдадық. Өйткені, бүгінгі және ертеңгі келер ұрпақ кешегі ата-бабаларының ел басына күн туған шақта Отанымыздың жарқын болашағы бар өмірін сарп етіп, көзсіз батырлықтарын танытқандары жайында әрқашанда біліп, онымен мақтан етуі тиіс,-дейді қабырғалық мектеп директоры Ә.Бердібеков.

Еске салып өтсек, Ұлы Отан соғысына аттанып, қан майданда қаза тауып, туған жерге оралмаған боздақтарға арналған бұндай монументтер кешендері Катонқарағай мен Үлкен Нарын өңіріндегі бес ауылда кезінде Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай, атақты жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері, шежіреші, атбегі, ауданымыздың құрметті азаматы, абыз ақсақал Бошай Кітапбаевтың тікелей бастамасымен бой көтерген.

«Бес ескерткіш – үш жүз ер
Халқымен бүтін қол алып,
Шақырып тойға туған жер,
Келгендей болды оралып»,- деп бұл туралы, анығында Бошай ақсақал туралы қазақтың біртуар ақыны Ғафу Қайырбеков «Алтай азаматы» деген поэмасында жырлап өткен еді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив