Хан апаны әріптестері мен шәкірттері еске алды
КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, дәуірдің дара ұстазы атанған Қанипа Бітібаеваның 75 жылдығына орай «Ұстаздарға ұстаз болған – асыл жан» атты апталық қашықтықтан ұйымдастырылды. Апталықтың өтуіне Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова қолдау көрсетті.
Жеті күнге жоспарланған іс шарада Абай мен Мұхтарды дәріптеген ұлағатты ұстаз жайлы бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ республикалық қазақ тілі мен әдебиетінен өткізілетін пәндік олимпиаданың әнұранына айналған «Сарқылмайтын сағынышым – Хан апа» атты ән нақышына келтіре орындалды.
Апталық барысында көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Қанипа Бітібаеваның әріптестері мен шәкірттері республиканың түкпір-түкпірінен жүрекжарды лебіздерін бейнеролик арқылы жолдады. Соның ішінде ұлағатты ұстаздың атына тұңғыш рет оқу грантын бөлген С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ректоры Мұхтар Төлегеннің қазақтың Хан апасына арнаған жылы лебізі қатысушылардың жүрегін елжіретті. Бұдан соң Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің директоры Фархад Құрманов сөз алып, көрнекті ұстаз туралы ой-толғамын жеткізді.
- Ұлағатты ұстазым, Қанипа Омарғалиқызы менің адам ретінде қалыптасуыма және ғылым жолына бет бұруыма үлкен еңбек сіңірді. Менің екінші анамдай болды. Сонау 1987 жылдан маған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Сонда Хан апамыз бізге «Кім боламын?» деген тақырыпта шығарма жаздырды. Ол кезде бәріміз басқа мамандық иесі боламыз деп ойымызды білдірдік. Алайда уақыт өте келе Қанипа Бітібаева бізді әдебиет нәрімен сусындатты. Біз оның сабақтарына асқан қызығушылықпен дайындалдық. 11 сыныпты бітіргенде 25 оқушының 20-сы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығына оқуға түсті. Мен Қанипа апайдың авторлық сыныбының алғашқы түлегімін. Ұстазым менің университет қабырғасындағы алғашқы ғылыми жетекшім болды. Абай мен Мұхтарды зерттеуге бағыт-бағдар берді. Ұстаз бейнесі біздің мәңгі жүрегімізде сақталады, - деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың профессоры, абайтанушы Айжан Картаева.
Апталық кезінде Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 7-11 сыныптар арасындағы тәрбие жетекшілерінің бастауымен Қанипа Омарғалиқызына арналған челлендж ұйымдастырылды. Оған Гүлнәр Омарбаева, Қарлығаш Сағидоллдина, Баян Қырықбаева, Жәмила Ахметова, Кенжегүл Елеусізова, Индира Әлімханқызы, Әния Раисова сынды бірқатар қызметкерлер қатысты.
- Биылғы жылдың ерекшелігі сол, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы мен КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қанипа Омарғалиқызының 75 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Апай ұстаздықты ұлықтаған ерекше тұлға еді. Оның бұл саладағы сіңірген еңбегі зор, - деді п.ғ.докторы, профессоры Фаузия Оралбаева.
Апталық барысында «Мақтансаң, Қанипам деп қазақ мақтан» атауымен Қанипа Бітібаеваның республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының жұмысы ұстаздар қауымының назарына онлайн реимде ұсынылды. Осы мақсатта 60-қа тарта бейнеролик түсірілді.
- Қанипа Бітібаева есімі алтын әріптермен жазылатын ұлы тұлға. Мен үшін тек қана қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі ғана емес, жалпы қазақ ұстазының символы, эталоны дер едім. Оның бір ауыз сөзі менің оған деген құрметімді арттырды. Хан апа айтушы еді: «Егер маған хан тағын ұсынса, мен оған ешқашанда ұстаздық жолымды айырбастамас едім» деп. Осы арқылы ол біздің бойымызға адалдықты сіңірді, - деді халықаралық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы клубының вице-президенті Ғ.Бейсенбаев.