Өскеменде Қанипа ұстаз көшесі болса дейміз – шәкірттері
Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Айбек Оралханның мақаласы жарияланды. Әлеуметтік желілерге әйгілі ұстаздың шәкірттері "Өскеменде Қанипа ұстаз көшесі болса дейміз" деген пікір қалдырып жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Биыл 1 мамырда қадірлі ұстазымыз, марқұм Қанипа Бітібаева 75 жасқа толар еді.
Абайдың 175 жылдық тойына орай, Ұлы Абайды ұлықтап өткен Ұстазымыз, Хәкімнің мұраларын зерделеп, шығармаларын жас ұрпақтың санасына сіңіруге саналы ғұмырының 45 жылын сарп еткен, абайтану саласына салмақты үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның да еңбегі еленсе дейміз.
Осы орайда барлық шәкірттері атынан Қанипа Омарғалиқызының атын ұлықтап, еңбегін ел жадында мәңгілік сақтау мақсатында, Өскемен қаласының көрнекті көшелерінің біріне және оқу орнына (мектеп, колледж) Бітібаева Қанипа Омарғалиқызының есімін беруді сұраймыз», деп жазады Айбек Оралхан.
Фейсбук желісіне жарияланған мақаланың астына көптеген адам пікір қалдырыпты. Осы орайда бірнеше жазбаны назарларыңызға ұсына кетейік.
Түсіпхан Түсіпбекұлы:
"Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, аса білімді, оқу ағарту саласына жаңашылдығымен қоса, білім берудің қаншама жаңа тəсілдерін енгізен, ерекше мінезді, өткір тілді шешен, ұстаздардың ұстазы Қанипа апайымыздың пірі Абай мен Мұхтар еді! Бұгін апайдың тəрбиелеген жүздеген шəкірттері бірігіп, ұстаздарын мəңгілік есте қалтыру мақсатында, Өскемен қаласындағы бір көшенің жəне педагогикалық колледждің атын беруді, облыстық Ономастикалық комиссияның алдына қойып отыр. Өте құптайтын мəселе! Үн қосыңыздар!"
Мұратхан Сағатбекұлы:
"Ұстаз болғанда өмірде өте сирек кездесетін ұстазға шәкірт болғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Ұлы есімді уақытында ұлықтаған жөн. Өскемен қаласында ғана емес, өзінің туып-өскен, оқыған, кейіннен алғаш мұғалімдік қадамын бастап, он жылдан астам қызмет істеп, ұстаз ретінде әбден жетіліп, қалыптасып шыққан Тарбағатай ауданындағы Жетарал орта мектебіне де Қанипа Омарғалиқызының есімін берсе жөн-ақ болар еді. Бүкіл қазақ елі мойындаған әйгілі ұстазымызға қандай мадақ көрсетсе де жарасады".
Айжан Картаева:
"Бүкіл өмірін шәкірт тәрбиелеуге, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға арнаған, туған тілі үшін аянбаған Ұстазымыздың есімі ұрпақтың есінде мәңгілік есте қалуы үшін қаламыздағы бір көшеге және оқу орнына берілсе деген үміттеміз"