ШҚО тұрғыны күзде жоғалтқан бір үйір жылқысын тапты
ШҚО-дағы бір шаруа қожалығының иесі қараша айында жоғалтқан малын тапты.
Полиция департаментінің ақпаратынша, шаруа қожалық «Семей – Алматы» тасжолының бойында орналасқан. Оның бағусыз жайылған 29 бас жылқысы қараша айында жоғалған. Иесі шығын мөлшерін сол кезде 8 миллион теңге деп атап көрсеткен.
«Жуықта Үшарал маңында жылқы тиеген әлдебір жүк көлігін полиция тоқтатты. Полиция оқиға орынына мал жоғалтқан аталмыш шаруа қожалықтың иесін шақыртты. Ол 29 бас малын түгел таныды», – деп жазылған полиция ақпаратында.
Ақпаратқа сүйенсек, «жүк көлігін тізгіндеген 56 жастағы азамат қазір тергеу изоляторында. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде».
Полиция қызметкерлері мал басы көбінесе бағусыз жайылып жүргенде жоғалатынын айтады.