«Маска жоқ». Ауру жұқтырған дәрігер желіде жазба қалдырды
COVID-19 инфекциясын жұқтырған дәрігер масканың жоқтығын айтып шағымданды. Медициналық мекеме басшылығы қызметкерлерге қорғаныс құралдарын мүлде бермеген көрінеді. Министр Біртанов жағдайдың мән-жайын анықтауды тапсырды, деп хабарлайды Алтайньюс тішісі.
Жамбыл облысының Меркі ауданында жұмыс істейтін дәрігер Толқынай Ордабаева індетпен күресе жүріп, өзі де инфекция жұқтырған. Оның айтуынша, мекеме басшылығы дәрігерлерді масканы қолдан тігуге мәжбүрлеген. «Медициналық масканың жетіспеушілігі иммунитеттің төмендеуіне әкеп соқты, осының салдарынан дәрігерлер ауру жұқтырдық» дейді маман.
– Мен дәл қазір Тараз қаласында инфекциялық стационарда емделіп жатырмын. Карантинге жатқызылған науқастармен жұмыс кезінде инфекция жұқтырдым. Мені КВИ-мен ауырып жатқан науқастың жанына жатқызды. Ол да эпидемиолог дәрігер. Жамбыл облысында коронавирусты тексерген кезде қан алмайды. Полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) тесттер жоқ, науқаспен байланысты болғандардан тест алынбайды. Облыстың денсаулықсақтау басқармасы медицина қызметкерлерінің ауру жұқтырып жатқанын жасырып отыр, – деп жазды ол Facebook парақшасында.
«Мені неге жеке жатқызбайды? Қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмекке бөлінген қаражат қайда? Коронавирусты тексерген кезде неге қан алмайды? ПЦР тесттер неге жоқ? Жамбыл облысының денсаулықсақтау басқармасы медицина қызметкерлерінің ауру жұқтырғанын неге жасырады? Керісінше, жұмыста жүріп жұқтырса, эпидемиялық тергеу неге жүргізілмейді?» – деп жазды дәрігер Толқынай Ордабаева.
Әлеуметтік желідегі бұл постқа Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үн қатты. Ол Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің төрағасынан жағдайды анықтауды сұрады.
«Людмила Бюрабекова, жедел түрде жағдайды анықтауыңызды сұраймын! Медициналық қызметкерді қорғау ережелерін сақтауға байланысты тергеу жүргізілсін! Мәселені өзім бақылауда ұстаймын!» – деп жазды министр.