Филиппинде карантин ережесін бұзған адамды атып тастайды
Филиппинде карантин ережесін бұзған адамды атып тастайтын болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Халайық, жағдай күн өткен сайын күрделеніп барады. Сол себепті мені мұқият тыңдаңыздар! Мен карантин ережесін қадағалаушы полицейлерге тәртіпке бағынбағандарға күш қолдануға, тіпті атып тастауға болатыны жайлы тапсырма жүктедім. Бүкіл ел құрдымға кеткенше, ақылға көнбеген тәртіп бұзушының көзі жоғалғаны бізге тиімді, – деп мәлімдеме жасады Филиппин басшысы Родриго Дутерте.
Соңғы уақыттағы жаңалықтарға сүйенсек, бұл елде 2500-ге жуық адам індет жұқтырып, олардың 96-сы көз жұмған. ikon.mn сайты филипиндіктер дерт жұқтыру бойынша Азияда көш бастайтын түрі бар деген ақпар таратты. Осыған қарамастан базар иелері мен сатушылар елдегі оқшаулау режиміне қарсы шығып, бас көтеріп, елдің берекетін алған көрінеді. Дутертенің мұндай қатаң шара қабылдауына осы жағайдай себеп болуы мүмкін.
Ал адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар Родриго Дутертенің шешімін «жабайылық» деп таныды.
Айта кетейік, көптеген ақпарат көздері бұл қатаң шара филипиндіктер үшін жаңалық емес дегенді алға тартуда. Өйткені бұған дейін Филипин үкіметі дәл осындай шешім қабылдау арқылы ел ішін жайлаған есірткі бизнесін жойған екен.