Головкин мен Альварес ауызша келісімге келді
Қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек 12 қыркүйекте өтеді. Екі тарап қаржылық шарттарды ауызша келіскен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
БАҚ мәліметіне сүйенсек, жекпе-жек Далластағы (Техас, АҚШ) AT&T стадионында өтеді.
Сондай-ақ Альварес маусым айында WBO орташа салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы британдық Билли Джо Сондерспен (29-0, 14 КО) жұдырықтасуды қалайды. Егер бұл жекпе-жек коронавирустық пандемияға байланысты бұзылса, мексикалық күзде Головкинмен кездесуге дайын. Ал Головкин маусымда Камил Шереметамен жекпе-жек өткізуі тиіс.
Айта кетейік, GGG мен Канело арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылы қыркүйекте өтіп, тең есеппен аяқталған. Ал 2018 жылы қыркүйекте қазақстандық боксшы мексикалықтан төрешілер шешімімен жеңілді. Бұл Головкиннің карьерасындағы алғашқы жеңілісі болды.