KZ
Өскемен
+17°
переменная облачность жел 3 м/с, В
441.8 480.02 4.88

Бағдаршамды қайтеміз? Орынбасардың уәде қылған уақыты таяп келе жатыр

3.03.2020, 04:51 225

Облыс орталығындағы қолайсыз жол белгілеріне жүргіншілер де, көлік жүргізушілері де разы емес. Жуықта облыстық драма театрының артистері мен тұрғындар қала басшылығы мен полиция басқармасына наразылық білдірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Сол үшін театр көрермені де сиреп барады

Биыл Сәтпаев даңғылының үстінен жаяуларға арналған екі көпір салынды. Біріншісі «Халифа Алтай» мешітінің маңында болса, екіншісі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі мен Назарбаев зияткерлік мектебінің ортасында. Осы екінші көпір салынғаннан кейін облыстық драма театр мен «Фреш Маркет» сауда кешенінің тұсындағы бағдаршам алынды.

– Драма театр көрермендерінің басым көпшілігі кішкене балалар, студенттер және қарт кісілер. Олар мәшинемен емес, автобуспен қатынайды. Театрға келу үшін енді бір аялдама ары жаяулар көпірі тұсынан түсіп, жолдан бері өтіп тағы бір аялдама жүріп келуге мәжбүр. Бұл аралықтағы жол да қыс бойы дұрыс күрелмеді. Театр алдындағы бағдаршам алынғалы, ат төбеліндей азғантай көрерменіміз тіптен сиреп кетті, – дейді актер Арыстанбек Мұқият.

Актерлердің айтуынша, түсте ас ішетін уақыт – бір сағат (13.00-ден 14.00-ге дейін). Осы аралықта қарсы беттегі «Фреш Маркеттен» сауда жасап келу мүмкін емес – үлгермейді. Театрда 250-дей адам жұмыс істейді.

Наразылыққа «Фреш Маркет», «Свой Дом» сауда кешінінің саудагерлері де қосылды. Олар полиция қызметкерлері күзетіп тұрған бұрынғы «пешеходтың» тұсынан жолды рұқсатсыз қиып өтті. «Күнде тәуекелге бас тігіп, жолды кесіп өтуге тұтынушылар да, біз де мәжбүрміз. Мына аязда ауыр пакет көтеріп, бір аялдама сабылып кім жүреді дейсіз?» – дейді олар.

– Біздің қазір саудамыз жүрмей тұр. Келушілердің қарасы аз. Одан бөлек өзім қаланың арғы басындағы Степное деген ауылда тұрам. Ол жақтың автобусына көпірмен айналып жүрсем үлгермеймін. Менің қасымдағы саудагерлердің де үйлері алыста. Ереже бұзуға бұл да бір себеп, – деді «Свой дом» үйінің сатушысы Әлия Рақышева.

Естеріңізде болса, дәл осы жерде бұдан бұрын өткен наразылық акциясында қала әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанова бағдаршам жаяу адамдардың қауіпсіздігі үшін алынып тасталғанын айтқан.

Лауазым иесі бұл жолғы акцияға да келді.

– Өтініштеріңізді естідік. Бір ай, тіпті бір апта ішінде мәселені шешуге күш саламыз. Бірақ қандай амал істейтінімізді полиция басқармасымен ақылдаса отырып шешеміз, – деп уәде берді Тамара Рахимжанова.

 

– Сәтпаев даңғылының үстінен жаяулар көпірін орнату ТҮКШ бөлімінің ұсынысы болған. Себебі, сол маңдағы спорт мектебінде бала оқытатын ата-аналар алаңдаушылық білдірген. Екіншіден, «КШТ» ықшам ауданы мен қала ортасындағы кептелісті азайту жоспарланған. Әкімдік пен полиция басқармасы қандай амал табатыны әзірге белгісіз. Оған дейін жолдарды тап-таза күреп тұрамыз, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Тұрсымбетов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив