KZ
Өскемен
-15°
переменная облачность жел 2 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Қазақстанда қатты пайдалы қазбаларды барлауға 700-ден астам жаңа лицензия берілді

18.12.2025, 16:30 119 Базарова Айгүл

Биыл инвесторларға барлауға 707 лицензия және пайдалы қазбаларды өндіруге 22 лицензия берілді. Үкіметтің қорытынды баспасөз конференцияларының сериясы аясында минералды-шикізат базасын басқарудың ашықтығын арттыру туралы өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жариялады. Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан саланы жүйелі жаңғыртудың нәтижесінде бүгінде пайдалы қазбалардың 103 түрі мен 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынғанын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.

«Елімізде барлығы 2 907 лицензия және 251 қатты пайдалы қазбалар келісімшарты бар. Біз жер қойнауын тиімді игеру үшін геологиялық саланы жаңа технологиялық деңгейге көшіру бойынша жұмысты жалғастырамыз», — деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министр Иран Шархан.

Алтын қорларының өсімі 98 тоннаны, мыс – 36 мың тоннаны құрады. Жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша Қазақстанда қорлардың өсімі шамамен 98 тонна алтын, 36 мың тонна мыс және 1,3 млн тоннадан астам фосфоритті құрады.

Алғаш рет мемлекеттік есепке 5 жаңа кен орны қойылды. Олар – Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз аумақтың геологиялық-геофизикалық зерттелуін кеңейтеміз. Бүгінгі таңда 2 млн шаршы шақырымнан астам зерттелді, ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,2 млн шаршы шақырымға жетеді. Қарағанды облысында сирек жер металдары бар перспективалы учаске анықталды», — деді ол.

Сирек металдарды іздеудің тиімділігі геологиялық барлаудың жаңа стандартына байланысты артады. 1:50 000 масштабта егжей-тегжейлі геологиялық зерттеуге көшу үшін жобалық құжаттаманы әзірлеуге резервтен 240 млн теңге бөлді.

Жаңа тәсіл перспективалы учаскелерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. 2026-2028 жылдары аумақтың 100 мың шаршы шақырымын егжей-тегжейлі зерделеу жоспарлануда.

«Жұмыстар Ұлттық геологиялық қызмет пен жетекші институттардың қатысуымен аэрогеофизикалық технологияларды қолдана отырып консорциум аясында орындалатын болады. Бұл Президент қойған міндеттерге сәйкес геологиялық барлаудың тиімділігін арттырады», — деп түсіндірді Иран Шархан.

Геологиялық барлауға 72 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, Fortescue және Esan сияқты ірі серіктестермен 21 бірлескен кәсіпорын құрылды. «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы арқылы инвестицияланды.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын қоса алғанда, 5 пилоттық жоба жүзеге асырылуда. 2028 жылға қарай қорларды JORC халықаралық стандартына сай есепке қою жоспарлануда.

«Учаскелерді игеруге "Тау-Кен Самұрыққа» басым құқық беруді бекіту жер қойнауын ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді және саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады», — деп атап өтті Иран Шархан.

Астанада құны 14 млрд теңге болатын Ұлттық геологиялық қызметтің зертханалық кешенін салу жоспарлануда, оған аналитикалық зертханалар мен керноқойма кіреді.

Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Сенатта жер қойнауы туралы кодекске цифрлық жер қойнауын пайдалануды және электрондық аукциондарды енгізуді көздейтін түзетулер қаралуда.

«Жаңа инфрақұрылым мен заңнамалық база бірыңғай ғылыми-техникалық платформаны қалыптастыруға, аналитиканың сапасын арттыруға және геология саласының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті вице-министр.

2025 жылдың 11 айында өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 5,9%-ға өсіп, 27 трлн теңгеден асты. Өсім металлургия, машина жасау, химия және құрылыс материалдарын өндіру сынды негізгі секторларда оң динамика көрсетіп отыр. Бұл – Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау жөніндегі жоспарлы жұмыстың нәтижесі.

«Бұл көрсеткіштерге жаңа индустриялық жобалар елеулі үлес қосуда. Биыл іске қосылған кәсіпорындар толық қуатына шыққан кезде өңдеу өнеркәсібінің көлемі жылына қосымша 2,3 трлн теңгеге өсуі мүмкін», — деп атап өтті вице-министр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ететін Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру жөніндегі жұмысты аяқтауда.

Бүгінгі таңда 39 компания тексеруден өтіп, 127 өтінім берді. Жаңа дерекқор өндірушілерді онлайн тіркеуге және сатып алу жүйелерімен біріктіруге мүмкіндік береді.

«Тізілім өндірістік қуаттар мен локализация деңгейі туралы толық ақпарат береді, бұл процестердің ашықтығын арттырып, қазақстандық зауыттарға нақты қолдауды қамтамасыз етеді», — деді вице-министр.

Биылғы 11 айда отандық өндірушілермен 1,1 трлн теңге сомасында ұзақ мерзімді және оффтейк-келісімшарттар жасалды. Бұл бытырғы көрсеткіштерден 7,6 есе артық.

Өсімге мемлекеттік сатып алулардағы отандық тауарлар тізбесін 4,8 мың позицияға дейін кеңейту және жер қойнауын пайдаланушылар үшін Tizilim платформасын қайта жаңғырту ықпал етті.

«Біз стандартталмаған тауарларды биржалар арқылы сатып алуды алып тастадық және приоритетті түрде қол жеткізу тетіктерін жетілдірдік. Бұл шаралар ұлттық экономиканың өсуіне берік негіз қалайды», — деп атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.

Қазақстанда биыл жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 173 индустриялық жоба жүзеге асырылды, бұл шамамен 22 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Барлығы бір жылға 190 жоба жоспарланған, олардың көпшілігі пайдалануға берілді.

«Маңызды жобалардың қатарында KIA, Chery, Changan, Haval және Tank брендтерінің автомобильдерін өндіру, алюминий қаптамасын, тұрмыстық техниканы және болат құбырларды шығару бар. Бұл еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтетін нақты кәсіпорындар», — деп атап өтті вице-министр.

Шикізатты жеңілдікпен беру тетігін енгізудің арқасында ел ішінде мырышты қайта өңдеу 4 есеге, мыс 27%-ға, алюминий 60,8 мың тоннаға өсті. Жаңа механизм зауыттарға жеңілдіктер беру арқылы дайын өнім өндіруді ынталандырады: дайын өнімдер үшін 5% және аралық өнімдер үшін 1% жеңілдік қарастырылған.

«Қазірдің өзінде 30 келісім жасалды және ішкі қайта өңдеу көлемі сенімді түрде өсуде. Біз отандық кәсіпорындар үшін жеңілдікті шарттармен қолжетімді шикізат тізбесін одан әрі кеңейту жолдарын қарастырамыз», — деді Олжас Сапарбеков.



Фото: ҚР Үкіметі 















Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу