KZ
Өскемен
-22°
плотный туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Шығыс Қазақстанда халықтық қолөнер кеңінен дәріптеліп келеді

18.12.2025, 15:30 180 Ержан Әбіш

Жыл сайын Тәуелсіздік күнін атап өте отырып, мемлекеттік егемендікке қол жеткізудегі нақты жемістердің бірі деп халқымыздың жоғалған тарихын жаңғыртуға, төл мәдениетімізді, оның ішінде сәндік-қолданбалы өнерімізді зерттеп, дамытуға мүмкіндіктің туғанын толық сеніммен айтуға болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өтіп бара жатқан жыл Шығыс Қазақстан үшін тарихи-мәдени тұрғыдан өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі оқиғаларға толы болып, олар кең қоғамдық резонанс тудырды.

Атап айтқанда, Өскеменде көне дәстүр мен қазіргі заман үрдістерін сабақтастыратын, кілем тоқудың сан алуан техникасы мен саласында еңбек ететін қолөнершілердің республикалық фестивалі өтті. Бұл айтулы шараға біз кейінірек тағы бір мәрте ораламыз.

Қолөнердің артықшылықтарын ұзақ тізбелеуге болады, алайда оның бірегей қасиеті бар. Ол – ерекше өміршеңдігі мен өзін-өзі сақтай білу қабілеті. Мұның себебі қолөнердің айқын қолданбалы мәнге ие болуында. Қолдан жасалған көркем бұйымдар бізді ертеден бері қоршап келеді және бүгінге дейін тұрмысымыздан ажыраған емес. Бұған киіз бен жіптен жасалған бұйымдар – сырмақ, алаша, қабырғаға ілінетін және еденге төселетін кілемдер, үй ішіне әр беретін өзге де заттар жатады. Кейде өзіңді жай ғана тұрғын үйде емес, нағыз музейде жүргендей сезінесің!

ЕЖЕЛГІ ОЮ-ӨРНЕКТЕР – МӘДЕНИ МҰРА

Егер шығармашылықтың тамырына, бастауына үңілсек, бұтақтанып тұрған мүйізге ұқсас дәстүрлі өрнектер – «мүйіз» деп аталатын нақыштар бүгінге дейін еш өзгеріссіз жеткенін байқаймыз. Айтпақшы, бұл тақырыпқа белгілі археолог Зайнолла Самашев биылғы күзде облыс орталығында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумындағы баяндамасында ерекше назар аударды.

Мұндай өрнектердің ешқандай нобайсыз, дайын үлгілерсіз-ақ байырғы шебер әйелдерден бүгінгі әжелердің мәдени қазынасына, шығармашылық мұрасының ажырамас бөлігіне айналғанына таңғалмасқа болмайды.

Киізден сырмақ басу барысында қазіргі танымал пазлдарға ұқсас әдіс қолданылатыны да қызық құбылыс. Яғни, бір түсті киізден ойып алынған өрнектер өзге түстегі бөліктермен дәл әрі тығыз қиыстырылады. Соның нәтижесінде өлшемі мен түс үйлесімі жағынан мінсіз композиция пайда болады.

Егер біз алыста қалған балалық шағымызда асыл әжелеріміздің үйде істейтін қолөнері уақыт өте келе халықаралық деңгейде ғалымдардың зерттеу нысанына айналатынын білсек, бәлкім барлығын мұқият есте сақтап, қағазға түсіріп, ата-бабаларымыз меңгерген технологияны зерделеп, теңдессіз шеберліктің, талғам мен таланттың барлық қыр-сырына терең бойлар ма едік.

Бүгінде сәндік-қолданбалы өнер саласында қолмен жасалатын бұйымдар – хендмейд шынайы бағаланатын кезең туды деп  еш күмәнсіз айтуға болады. Бұл тұрғыда ата-бабаларымыз да, олардың жолын жалғап келе жатқан талантты замандастарымыз да өзге елдердің шеберлерінен кем түспей, тіпті олардан оза шаба алатыны анық.

ТАРИХТЫ ТІРІЛТКЕН АРХЕОЛОГИЯ 

Осындай рухани жаңғырудың жайдан-жай, терең тамырсыз, мәдени негізсіз пайда болуы мүмкін еместігін еріксіз мойындаймыз. Еліміздегі қолөнер шеберлерінің барлығы үшін мұндай берік негіз – тарихи ғылым, ал оны құнды археологиялық олжалар нақты дәлелдермен толықтырып отыр.

Әлемдік деңгейдегі археологтардың бастамасымен Шығыс Қазақстанда тек биылдың өзінде көптеген ғылыми жаңалықтар ашылды. Бұл үдеріс тоқтаусыз жалғасып келеді, өйткені өңірде ғалымдар, тарихшылар мен ғылымға құштар жандар үшін бірегей ғылыми база, зерттеу алаңы қалыптасқан.

Атап айтқанда, әйгілі Берел қорғандарында музей-көрме кешені құрылып, үнемі жетілдіріліп келеді. Ол археология, ғылым және тарих саласының өкілдері үшін ғана емес, сондай-ақ өңірге келетін көптеген туристер мен қонақтар үшін де зиярат орнына айналды. Осы  жылы аталмыш кешен экспонаттарының негізінде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің ғылыми бөлімі ұйымдастырылды. Катонқарағай ауданында өткен ауқымды бағдарлама рекордтық деңгейде қонақ жинады.

Тағы бір танымал ғылыми алаң – Ұлан ауданының Бестерек ауылында, Өскемен қаласына жақын орын тепкен киелі Ақбауыр қонысының маңында орналасқан Археология музейі. «Altai-News» медиаорталығының журналистері жыл бойы бұл музейде бірнеше рет болып, отандық ғалымдардың жаңалықтарымен бөлісті. Зерттеушілер бұл аумақта ежелгі металлургия орталығы болғанын анықтап, оның Шығыс Қазақстан экономикасының қалыптасуына зор ықпал еткенін дәлелдеді.

Археология музейінде жасақталған экспозиция үнемі толықтырылып келеді және ол осы бағыттағы кез келген мекемемен бәсекелесе алатындай деңгейге жетті. Музей директоры Сәкен Ғайса – өз ісіне ерекше берілген жан. Ол туған ауылы туралы екі кітап жазып, жарыққа шығарған. Әрбір дерекке кәсіби тарихшы ретінде терең талдау жасап, үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Ғалымдар мен ғылымға жанашыр жандардың қызметі үшін міндетті саналатын теориялық әрі ғылыми-тәжірибелік қордың маңызын мойындай отырып, ғылымға қажет өзге де қосымша факторларды ескеру қажет.

– Біздің салада ғана емес, кез келген қызмет түрінде ғылыми интуицияның маңызы зор, – деп атап өтті «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумында белгілі археолог Зайнолла Самашев. – Дәл осы интуиция ізденістің дұрыс бағытын көрсетеді, ал ол кейін зертханаларда және далалық жұмыстар барысында жүргізілетін жан-жақты зерттеулер арқылы міндетті түрде дәлелденеді.

ШЕБЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Қолөнер тақырыбын жалғастыра отырып, оқырман жадында Археология музейінің бастамасымен және оның алаңында ұйымдастырылған, халықтық қолөнер мен дәстүрлі кәсіптерді дәріптеуге бағытталған іс-шараларды жаңғыртайық. Мәселен, мұнда Ұлан ауданының жақын маңдағы ауылдарынан келген шебер әйелдер алаша мен сырмақ жасаудан шеберлік сабақтарын өткізді. Олар бұл өнердің қыр-сырын сақтап қана қоймай, оған қызығушылық танытқан жандарға өз білгендерін үйретті.

Аталған шеберлік сабақтары табиғат аясында, ағаштардың саясында, бұлақтың сылдырымен, халық аспаптарының және ұлттық әндердің әуенімен қатар өтті. Мұндай көріністі, яғни ұлттық киім киген әжелердің түрлі-түсті жіптен алаша тоқып, киізден сырмақ сырып отырған сәттерін тамашалаған көптеген адамдар алыста қалған өткен күндерді көз алдына елестетері анық.

Жалпы, Бестерек ауылындағы музей қызметкерлерінің жоспарына сәйкес оның базасында халықтық қолөнер орталығын дамыту көзделіп отыр. Бұл орталықта туристер қасиетті, көрікті өлке туралы естелік ретінде сүйсініп сатып алатын кәдесый бұйымдар дайындалмақ.

– Халық өнері мен оны қайта жаңғырта алатын шеберлер туралы мәліметтерді там-тұмдап болсын жинап жүрміз, – дейді музей директоры Сәкен Ғайса. – Олардың шынайы шеберлігінің үлгілері біздің экспозицияларымызда да қойылған.

Әдетте мұндай нысандар ірі қалаларда, облыс орталықтарында орналасады деген түсінік қалыптасқан. Алайда Берел жазығындағы және Бестерек ауылындағы жаңа музейлердің тәжірибесі бұл пікірдің қате екенін дәлелдеп отыр. Бұл да ел Тәуелсіздігінің 34-ші жылындағы көзге көрінетін, жарқын жетістіктердің бірі саналады.

«ҰЛЫ ДАЛА АЛТЫНЫ» – ЕУРОПАДАҒЫ ҮЗДІК БЕС КӨРМЕНІҢ БІРІ

Халықтық қолөнер тақырыбы Шығыс Қазақстанда «Туған жер – алтын бесігім» өңірлік жобасы аясында өтетін дәстүрлі мәдени күндер кезінде кеңінен дамып келеді. Әр күз сайын облыстың аудандары мен қалалары әлеуметтік-экономикалық, мәдени және спорттық жетістіктерін таныстырып қана қоймай, облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына жергілікті шаруалардың өнімдерін ұсынады. Мәдени күндер аясында апта сайын ұйымдастырылатын көрмелерде ұсынылатын халық өнерінің сан алуан әрі көркем үлгілерінен көз сүрінеді. Бұл тақырыпқа біздің газетіміз де түрлі қырынан бірнеше материал арнаған болатын.

Осы орайда «Ертіс концерт» ғимаратында ұйымдастырылып, көпшілікке ұсынылған «Ұлы дала алтыны» көрмесін де атап өткен жөн. Бұл көрме бұған дейін Шығыс Қазақстанның экспозициясы Британияда табысты өткізілгеннен кейін ұйымдастырылған жауапты мәдени кездесу болды. Аталған шараға британдық музей өкілдері де қатысып, халықаралық мәдени байланыстардың нығаюына үлес қосты.

Осылайша Қазақстанның көне өнері халықаралық деңгейде мойындалып келеді. «Ұлы дала алтыны» көрмесі бүгінгі таңда Еуропа өркениетінің қақ ортасында ұсынылған ең үздік бес экспозицияның қатарына әділ әрі лайықты түрде енді.

Өскеменде жаз мезгілінде өткен республикалық кілем тоқу фестиваліне қайта оралсақ, ұйымдастырушылар оған еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген шеберлердің белсенді қатысқанын атап өтті. Бұл аймақтарда кілем тоқу өнері жоғары деңгейде дамыған. Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан қолөнершілер одағы филиалының жетекшісі Райса Мұхамеджанованың айтуынша, шеберлердің бас қосып, тәжірибе алмасуы қала мен облыстың мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналды.

– Дәстүрлі халық өнері бүгінде жаңа өрлеу кезеңін бастан өткеріп отыр, – деді ол. – Мұндай республикалық деңгейдегі іс-шаралар өзара тәжірибе алмасуға, ел өңірлеріндегі мәдениеттердің тоғысуына мүмкіндік береді. Себебі әр облыстың өзіне тән қолтаңбасы мен стилі бар. 

Фестиваль қорытындылары мәдени «десанттарды» жиі ұйымдастырып, кілем тоқу өнеріндегі әрбір бағытқа, жанр мен орындау техникасына ерекше назар аудару қажеттігін көрсетіп отыр.

Тайыр Сапарғалиев, Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу