KZ
Өскемен
-6°
туман Штиль
513 541.16 4.69

Зайсан ауданына жаңа әкім тағайындалды (ВИДЕО)

24.02.2020, 04:12 286

Дүйсенбі күні Зайсанға тағы да келемін келемін деген облыс әкімі Даниал Ахметов бүгін таңертең Зайсан ауданына жұмыс бабымен ұшып келді. Жай келмей, ауданға жаңа басшы, бұған дейін де Зайсан ауданын 2010-2013 жылдары жемісті басқарған Серік Зайнулдинді аудан әкімі етіп тағайындады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Ол бұған дейін Қытаймен шекарада жатқан тағы бір іргелі аудан Үржарды соңғы жеті жыл бойы басқарып келген болатын.

- Серік Зинабекұлының әкімдік қызметте тәжірибесі мол. Ауданның экономикасын, әлеуметтік жағдайын, халқын жақсы біледі. Сондықтан артылған сенімді толық ақтайды деп сенемін. Сіздерден Серік Зинабекұлының кандидатурасын қолдауларыңызды сұраймын, ¬- деді облыс әкімі.
¬ Облыс әкімі ұсынған кандидатураны аудандық мәслихаттың депутаттары да бірауыздан қолдады. Депутаттар аудандағы қордаланған әлеуметтік, ТҮКШ, кадрлық саясат, халықпен кері байланыс мәселелерін бірінші кезекте шешуді сұрады.
Ауданның жаңа әкімі Серік Зайнулдин өз сөзінде ең алдымен коронавируске қатысты Зайсанда орын алған келеңсіз жағдайға қатысты барша зайсандықтардың атынан облыс әкімінен кешірім сұрады.

- Маған сенім артып, туған жеріме тағы да әкім етіп тағайындағаныңыз үшін үлкен рахмет айтамын. Бірінші кезекте Зайсанда орын алған коронавируске қатысты келеңсіз жағдай үшін Зайсан халқының атынан Сізден басымды иіп кешірім сұраймын. Барлық білімім мен тәжірибемді, күш-жігерімді Зайсан ауданының әлеуметтік дамуына жұмсайтын боламын,- деді Серік Зайнулдин.

Айта кетсек Серік Зинабекұлы Зайнулдин 1964 жылғы 25 ақпанда Зайсан ауданының Зайсан қаласында туған. 1981 жылы Айнабұлақ орта мектебін тәмамдады. 1981-1986 жылдары – Семей зооветеринарлық институты зоотехникалық факультетінің студенті. 1986-1991 жылдары Зайсан ауданындағы «Айнабұлақ» кеңшарында бас зоотехник болып жұмыс істеді. 1991-1993 жылдары – «Айнабұлақ» кеңшарының директоры, 1997 жылға дейін - аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы. 1997-2004 жылдары Зайсан ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мәселелеріне басшылық ететін орынбасары, 2004-2005 жылдары Зайсан ауданы әкімінің міндетін атқарушы қызметінде болды. 2007-2010 жылдары Катонқарағай ауданының, ал 2010-2013 жылдары Зайсан ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2013 жылдың 28 маусымында Үржар ауданының әкімі болып тағайындалған болатын.

Ал таяудағы коронавирус шуына байланысты әкімдік креслосынан айырылған бұрынғы әкім Серік Ақтановтың енді қандай қызметке барары әзірге белгісіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу