Зайнулдиннің Зайсанға баратыны рас па?
Осыған дейін екі мәрте Зайсан ауданын басқарған Серік Зайнулдин үшінші рет ауданға әкім болып келмек, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ол бұған дейін Үржарда жеті жылдай әкім болды. Ал ауданды он ай басқарған Ақтанов өткен аптадағы жағдайдан соң аттан ауатын сыңайлы. Естеріңізде болса, өткен аптада Сартерек пен Айнабұлақ тұрғындары ауылдарда коронавируске қарсы оқшаулау орталықтарын құруға қарсылық білдірген болатын. Жергілікті әкімдік түсіндіру жұмыстарын уақытында жүргізбеді. Дереу Зайсанға келіп, халықпен кездескен Даниал Ахметов барлық мәселені шешетінін, дүйсенбі күні тағы да келетінін айтқан болатын. Қазір бірер сағаттан соң Зайсан қаласына жұмыс сапарымен келетін облыс басшысы Даниал Ахметов аудан басшысын ауыстырады деп күтілуде.