"Нұртау" мен "Алтай Альпісіне" былтырғыдан үш есе көп қаражат бөлінді – Глубокое әкімі
Глубокое ауданында шаңғы тебуге арналған екі курорт бар. Бірі – Нұртау (Бобровка ауылы), екіншісі – Алтай Альпісі (Таулы Үлбі ауылы).
– Туризмді дамыту мақсатында биыл алғашқы он айда 485 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Былтырғымен салыстырғанда үш есе көп. Бізге бұл қаражатты «Нұртау» демалыс базасын абаттандыру мақсатында (туристерге арналған 5 үйге коммуникация мен су жүйесін тартып, жол жөндеу үшін) «БИПЕК АВТО – ҚАЗАҚСТАН» акционерлік қоғамының филиалы берді, – деді Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонұсов.
Айтуынша, «Нұртау» мен «Алтай Альпісінде» шаңғыға арналған жол, екі ілмек көтергіш, шана (стьюб) жолдары бар. Сондай-ақ құрал-жабдықтар жалға беріледі.
«Алтай Альпісінде» жеке 4 арқанжол (екеуі спортшылар үшін) бар. Оған қоса шаңғы тебуді енді үйренушілерге арналған 600 метрлік бөлек төбе бар.
– Биыл курортта тағы екі арқанжолдың (канатная дорога) құрылысы басталды. Оған 150 миллион теңге бөлінген, – деді Қалихан Байғонұсов.