Оралда 60 джип жалдаған жігіт Аягөздікі болып шықты
Гелендваген, Прадо, Лексус.... Шығысқазақстандық азамат 60 джиптен құралған кортежбен Орал қаласының көшесін шарлады, деп хабарлайды uralskweek.kz.
Кортеж Батыс Қазақстан облысы әкімінің резиденциясы орналасқан аудандағы саунаның алдына келіп тоқтаған. Осы сәтте жергілікті тұрғындар полицияға шақымданған.
– Соншама көп көліктің шеруі тұрғындардың алаңдаушылығын тудырған, – делінген Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Тәртіп сақшылары көлік жүргізушілерін бір сағат тергеп, ешқандай ереже бұзушылық таппаған соң, босатып жіберген.
Бұл шеруді Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында туған, бүгінде Алматыда тұратын азамат ұйымдастырған. Полиция департаментінің мәліметінше, ол бірнеше рет сотталған. Uralskweek.kz. порталы жазғандай, бейресми ақпараттарда оның кісі өлімі бойынша сотталғаны айтылады.
Ол жуықта үйін сатып, ажырасқан әйелі екеуі ақшаны бөліп алған. Келесі күні ажырасуын дәл осындай жолмен (60 джип жалдап) атап өткен.
Ол әр мәшиненің бір сағат жал ақысына 15-20 мың теңге көлемінде ақша төлеген.