«Sony PlayStation»-ді жалға алып, ломбардқа өткізіп жіберген
Семей қаласының тұрғыны «Sony PlayStation»-ді жалға алып, ломбардқа өткізіп жіберген, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Кәсіпкер полицияға арызданып, ойын ойнайтын приставканы жалға бергені туралы айтқан. Клиент тиісті уақытта приставканы қайтармай қойған көрінеді. 24 жастағы жігіт кепілге жеке куәлігін қалдырған. Құжат арқылы полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, қолға түсірді.
– Ер азамат 250 мың теңге тұратын «Sony PlayStation 4» приставкасын бір күнге жалға алған. Артынша приставканы ломбардқа өткізіп, одан түскен қаражатты өз қажетіне жұмсап жіберген, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің басшысы Сағат Мадиев.
Семей қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі «алаяқтық» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.