«Алтайдың» «Жетісуға» тісі батар емес - волейбол
«Алтай» «Жетісудан» тағы жеңіліп қалды. Кеше кешке Өскемендегі Жекпе-жек сарайында өткен қос ұжым арасындағы ойын 3:0 есебімен талдықорғандық волейболшы қыздардың пайдасына аяқталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Еске салайық, бұл күндері облыс орталығында Ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатының бірінші тур ойындары өтуде. Алғашқы кездесуінде ел чемпиондары «Алтай» командасы «Алматыны» 3:1 (партиялардағы нәтиже 25:20, 25:12, 18:25, 25:17) есебімен тізе бүктірген болатын.
Алайда, бұдан кейінгі матчта алаң иелері жеңілістің кермек дәмін татты. Италиялық бапкер Лука Кьяппини жаттықтыратын өскемендік ұжым жетісулық қарсыластарынан ойсырай ұтылды. Үш партияға созылған мачтағы есеп 3:0 (25:13, 25:16, 27:25).
Еске салайық, осыдан шамамен бір апта бұрын Талдықорғанда қыздар командалары арасындағы ел суперкубогы үшін жарыс мәресіне жетіп, ол доданың шешуші кездесуінде де «Жетісу» «Алтайды» 3:0 есебімен сенімді ұтқан еді.
Бүгін алтайлықтар ел чемпионатының бірінші туры аясындағы соңғы ойынын өткізбек. Бұл жолы жерлестерімізге «Алтай-2» командасының волейболшылары қарсылас атанбақ. Жекпе-жек сарайында өтетін матч кешкі сағат 18:30-да басталады.