Қазақстан суперкубогына «Жетісу» ие болды
Кеше кешке Талдықорғанда волейболдан қыздар командалары арасындағы ел суперкубогы үшін жарыс мәресіне жетті. Доданың шешуші кездесуінде өскемендік «Алтайды» 3:0 есебімен ойсырата ұтқан «Жетісу» осылайша жарыс жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ал осыдан шамамен бір ай бұрын ел кубогы сарапқа салынған сында топ жарған жерлестеріміз бұл жолы жүлдесіз қалуға мәжбүр болды.
Еске салайық, төрт ұжым қатысқан бәсекенің алғашқы күні алтайлықтар «Алматы» волейболшыларын 3:1 есебімен тізе бүктірген-ді. Бұдан кейін жерлестеріміз Павлодардың «Ертіс-Қазхромын» 3:0 есебімен талқандады. Айта кетейік, аталған қос ұжым соңғы рет жоғарыда айтылған Қазақстан кубогы үшін доданың финалында кездесіп, ол ойында да өскемендік волейболшылардың мерейі үстем болған еді. Есеп 3:0.
Алайда, Суперкубок үшін жарыстың ақтық сында Лука Кьяппини шәкірттерінің жолы болмады. Сана Анарқұлова мен командаластары жетісулық қарсыластарына еш қауқар көрсете алмады. Үш партиядағы нәтиже 25:22, 25:17, 25:18 «Жетісу» пайдасына.
Тағы бір айта кетер жайт, талдықорғандық команда осымен екінші жыл қатарынан ел Суперкубогының иегері атанып отыр. Бір жыл бұрын Өскеменнің Жекпе-жек сарайында өткен жарыста Қазақстанның жеті дүркін чемпионы «Алтай» волейболшыларын тағы сол 3:0 (25:20, 25:16, 25:15) есебімен қапы қалдырған.
Енді алтайлықтар жақында жалауын желбірететін ел чемпионатына дайындықтарын бастамақ. Осы орайда жерлестеріміз Қазақстанның ішкі біріншілігінде төрт мәрте (2016-2019 жылдар аралығында) топ жарғанын еске салған жөн.