Өскеменде "Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі" ғылыми конференциясы өтіп жатыр (ВИДЕО)
Өскеменде "Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі" халықаралық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да көне дәуір жауһарларын көпшілік назарына ұсынған көрме өтті.
Көрмеге Берел, Елеке сазы, Шілікті қорымдарынан табылған археологиялық ескерткіштер қойылды. Сондай-ақ, ШҚО өнер музейі Алматы қаласының суретшісі Е.Садырбаевтың «Қазақ алтайы көшпенділерінің өмірі мен тұрмысы» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды.
– Бүгінгі халықаралық конференцияға Ресей, Түркия, Франция сынды шет елдерден ғалымдар мен тарихшылар келді. Шығыстан табылған сенсациялық археологиялық ескерткіштер әлем ғалымдарының қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Халықаралық конференцияға Ресей, Әзірбайжан, Туркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Жапония елдерінен келген ғалымдар мен тарихшылар және зерттеушілер қатысты.
– Зерттеулер қорытындысы бойынша Берелден табылған адамның генетикалық коды қазақ, өзбек және қырғыз халықтарымен ғана емес, бүкіл Шығыс Азия халықтарымен, атап айтсақ, жапондармен де байланысты – дейді Сайто Нарайя, Токио университетінің профессоры.
Конференцияда Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев, Сайто Нарайя, Ахмет Ташағыл, Шахбазов Тахир, Шаңбай Тұрдықұл. Есім Ғарифулла сынды профессорлар баяндама жасады.