ШҚО-да шетелдік мамандар шеберлік сабағын өткізді
Шығысқазақстандық кәсіпкерлер шетелдік мамандардың тәжірибесін алуда. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының «Аға сеньор» жобасы аясында өңірдегі бірнеше кәсіпкер мейрамханадағы ас мәзірін шетелдік тағамдармен толықтырса, енді бірі ауыл-аймақ тұрғындарының шет тілін еркін меңгеруіне жағдай жасады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жергілікті жердегі қызмет көрсету сапасын шетелден мамандар шақыру арқылы жақсартуға бағытталған «Аға сеньор» жобасы соңғы уақытта Шығыс өңірінде мықтап қолға алына бастады. Бұл салада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ерекше белсенділік танытып отыр. Атап айтсақ, жаз басынан бері өңіріміздің үш аудан, қаласына шетелдік мамандар шақыртылып, қоғамдық тамақтану және тілдерді оқыту бағытында жаңа технологиялар меңгерілді.
Риддер қаласындағы «Көркем» ЖК директоры Ақылбек Астамбаев өз кәсіпорнындағы қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында облыстық Кәсіпкерлер палатасымен және сарапшы Рамани Нирадж Кумармен қаржылай емес қолдау көрсету жөнінде үшжақты келісімшартқа отырды. Риддерге келген шетелдік маман «Көркем» дәмханасының қызметшілерін тамақтану және жоғары қызмет көрсету сапасы бағытында жаңа технологиларға үйретті. Сондай-ақ осындай келісімшартқа Алтай қаласындағы «Shajara» мейрамханасының директоры Әлия Уәлиева да отырды. Осыған дейін 15 жыл бойына туристік бағытта қызмет көрсетіп келген кәсіпкер азаматша өткен жылы қоғамдық тамақтану саласына ден қойған екен. Мейрамхана қызметшілеріне бірден жоғары талап қоюды көздеген Әлия туризм саласындағы түрік маманы Кемал Энесті шақырды. Нәтиже де жаман емес – мейрамхана мәзіріне 10 жаңа ас түрі қосылып, дастархан жаю мен клиенттерді күтудің заманауи деңгейіне қол жеткізілді.
– Кемал Энес мейрамхана жұмысын халықаралық санатқа сәйкестендіріп, түрік тағамдарын дайындау технологиясының құпияларымен бөлісті. Мейрамхана қызметкерлерімен тікелей жұмыс істеп, аспаздарға шеберлік сағаттарын өткізді. Осының арқасында күн сайын жаңа тағам түрін ас мәзіріне қосып отырдық, – деді Әлия Уәлиева.
"Аға сеньор" көмегіне жүгінген жалғыз қоғамдық тамақтану саласы емес, сондай-ақ шетелдік маман тәжірибесін тілдерді оқыту саласындағы кәсіпкерлер де үйренуде. Мұндай кәсіпкердің бірі Аягөз қаласындағы «IntrlligentMentalArithmetic» қосымша білім беру орталығының директоры Дина Турдина. Ересектер мен балаларды IELTS және басқа деңгейдегі тестерге дайындайтын маманды сұраған кәсіпкер азаматшаға шетелдік маман Рис Дэниелс көмекке келді.
– Оқыту жоғары деңгейде өтті, – дейді Дина Турдина. – Шетелдік маман аудан, қаладағы орта мектептердің мұғалімдеріне ағылшын тілінен сабақтар өткізді. Тіл иесімен жүргізілген курстар нәтижесіне қысқа ғана уақыт аралығында тыңдаушылардың ағылшын тіліндегі қарым-қатынасы біршама жақсарып қалды.
Қоса кетсек, облыстық Кәсіпкерлер палатасы өз кәсібін дөңгелентуді ойлаған кәсіпкерлерді осы іске атсалысып, шетелдік тәжірибені алуға шақырады. «Аға сеньор» жобасына қатысу үшін кәсіпкер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық бөлімшесіне өтініш жазып, өз саласы бойынша шетелдік маман шақыруды сұраса болғаны.